Жапонияның біртұтас елге айналуына Құбылай ханның әскери жорығы ықпал еткен
Орта ғасырдағы Моңғол империясы әлем тарихында белгілі. Оның құрамындағы әскери элитаны түркілер мен Дешті Қыпшақтан шыққан сарбаздар құраған. Ал Құбылай ханның Күншығыс еліне жасаған әскери жорығы орта ғасырда Жапонияның бірігіп, біртұтас елге айналуына ықпал етті. «Бабалар ізімен» экспедициясы мүшелерімен кездескен жапон ғалымдарының пікірі осындай. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған тарихи және ғылыми зерттеу жұмысы жапон жерінде жалғасты. Жапония өзінің географиялық орналасу ерекшелігіне сәйкес сырт елдердің жаулап алуына ұшырамаған. Олар өз тарихында алғаш рет тек 1274 жылы Құбылай ханның әскерімен бетпе-бет келеді. Араға 7 жыл салып моңғол әскері Күншығыс еліне қайта шабуыл жасайды. Осы уақыт аралығында жапондар екінші соғысқа дайындалып, теңіз жағасын бойлата қорғаныс қамалдарын тұрғызған. Менің мына оң жағымда тұрған қамал 1281 жылы Құбылай ханның Жапонияға жорығына қарсы тұру үшін жапон билеушілерінің тарапынан салынған қорған. Оның ұзындығы – 32 шақырым, ені – 5 метр. Бүкіл Жапониядан шеберлер мен жұмысшылар келіп салған. Моңғол империясының әскери элитасын түркілер мен Дешті Қыпшақтан шыққан қолбасылар құраған. Олардың Жапонияға қарсы жорыққа қатысқаны туралы Қытай деректерінде анық жазылған. Морикава Тецуо, Кюсю университетінің профессоры: - Құбылай хан әскерінің екінші жорығы бірінші жорығынан анағұрлым күшті болған. Біз тұрған жер Хаката теңіз айлағы деп аталады. Осы жерге теңіз арқылы Корея жақтан 900 кемемен 40 мың сарбаздан тұратын әскер келген. Ал оңтүстіктен құрамында 100 мың жауынгер бар үш жарым мың кеме келген. Яғни бұл соғысқа барлығы 140 мың сарбаз және 4400 кеме жұмылдырылған. Тарихи деректерде олардың арасында қаңлылар мен қыпшақтар көп болған деп жазылған. Моңғол әскерінің екінші шабуылы да алапат дауылдың кесірінен сәтсіздікке ұшырайды. Бірақ Құбылай хан оған қарамастан үшінші жорық туралы жоспар құрады. Алайда Моңғол империясындағы ішкі мәселелер оның бұл ойын жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясының жетекшісі: - Бірінші жорыққа да, екінші жорыққа да біздің бабаларымыз қатысты. Олардың арасынан жоғары дәрежелі қолбасшылар да шықты. Күншығыс елі ғалымдарының айтуынша, Құбылай ханның жорығы орта ғасырдағы жапон мемлекетінің бірігуіне ықпал жасаған. Өйткені сырттан келген ортақ жауға тойтарыс беру үшін жапон феодалдары мен әскери элитасы тізе қосады. Бұл біздің бабаларымыздың әлемдік деңгейдегі тарихи үрдістерге ықпал жасағанының тағы бір дәлелі.
24.kz