ҚЫТАЙ МЕН ЖАПОНИЯ АРАСЫНДАҒЫ ДАУ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?
Жалпы аумағы небәрі 6 шаршы шақырым болатын сегіз кішкентай арал ондаған жылдан бері Қытай мен Жапонияның арасындағы шешілмейтін түйткіл болып тұр. Бірнеше рет жағдайды түзеуге бағытталған шараларға қарамастан, 2018 жылы территориялық дау жаңа қарқынмен күш алатын сияқты. Өйткені қаңтар басталғалы бері қытайлық корабльдер Сенкаку аралына екі рет жақын келіп Токионың наразылығын тудырды.
Сенкаку архипелагы (қытайша – «балық аулауға арналған арал» деген мағынаны береді) жапониялық Окинава префектурасынан 410 шақырым, Тайваннан 170 шақырым қашықтықта орналасқан. Тізбектің ең үлкен аралдары – Уоцури, Куба, Китако, Минамико, Тайсе. Шығыс-Қытай теңізінде орналасқан аралдардың жалпы көлемі 6,3 шаршы шақырымға жуықтап қалады. Аралды іс жүзінде Жапония қадағалайды, бірақ оған таласатын тек Қытай ғана емес, Тайвань да меншіктегісі келетіндей. 1894 жылдары жапон-қытай соғысынан кейін бұл аралдарға Жапония тарапы қожайындық танытқан. Симоносеки келісімінен кейін аралдарды меншікке алған Жапония 1932 жылы оның төртеуін сатып, Тайсе аралын алып қалған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін арал мәселесіне АҚШ араласып, жағдайды тіптен ушықтырды. Қытай болса, Сенкаку аралын өздерінің аралы деп санайды. Дәлел ретінде ҚХР «ежелгі картаны» да алға тартқан. Бұл тығырықтан шығу үшін Жапония үкіметі 2015 жылы ескі 1969 жылға тиесілі картаны тауып, оның Жапонияның аумағы екенін көрсеткен.
Бұл аралдардың балық пен табиғи қазба байлықтарға бай болуы екі тараптың дауын одан әрі қоздырып отырған жайы бар. 1968 жылы арал маңында БҰҰ бастамасымен зерттеу жүргізіліп, бұл жерден мұнай мен газ қорын алу мүмкіндігі туралы жорамал жасалды. Нақты қанша жер асты энергиясы бар екенін ешкім тап басып айта алмайды. Дегенмен АҚШ энергетикалық ақпараттар әкімшілігінің мәлімдеуінше, Шығыс-Қытай теңізінен шамамен 28-57 млрд куб метр көмірсутегі бар болуы мүмкін. Сонымен қатар аралда азаматтық және әскери кеме қатынасын жолға қоюға болады. Бұл да екі елдің стратегиялық мүддесін оятады. Бірақ екеуі де әлі күнге су ортасынан нақты шекараны ретке келтіре алатын емес. 1978 жылы екі ел арасында бейбітшілік, достық, әріптестік туралы келісім жасалғаннан кейін арал төңірегіндегі дауды тоқтатуға уағдаласқан. Сөз жүзінде солай болғанымен, іс жүзінде аралдарды «менікі» деп өзімсіну процесі екі ел тарапынан да жалғасын тауып келе жатыр.
Даудың асқынуы
2000 жылдың соңына дейін бұл мәселе туралы жағдай біршама тыныштық тауып, тіпті екі мемлекет Шығыс-Қытай теңізіндегі кен орындарын қылдай бөліп тең пайдалану туралы келісімге де келген. Әсіресе мұны Жапония премьер-министрі Юкио Хатояма қатты қолдады: «Мен проблемалы теңізді достық теңізіне айналдырғым келеді» деген еді ол. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспады. 2012 жылдың 11 қыркүйегінде Жапония үкіметі үш аралды – Уоцури, Китако, Минамиконы мемлекет меншігіне өткізді. Процесс жекелеген қожайындардың аталған аралдарды 26 миллион долларға сатып алуымен реттеліпті. Бұған дейін Жапония аралдарды Курихара әулетінен жалға алып, ол үшін жыл сайын 314 мың доллар төлеп отырған. Жапонияның аралдарды заңмен меншіктеп алуы Пекиннің бүйіріне сүңгі тыққандай әсер етті. Дереу іске кіріскен Қытайдың Сыртқы істер министрлігі Жапония үкіметіне хабарласып өз шешімдерін қайта қарауға шақырды. Бұл ретте ҚХР тарапы «Қытайдың қарулы күштері Жапонияның Дяоюйдао аралын сатып алуына байланысты қарымта жауап қайтаруға құқылы» деп мәлімдеді (Қытай елі Сенкаку аралын өзіне лайықтап Дяоюйдао деп атайды). Осыған байланысты Қытайдың 100-ге жуық қаласында антижапондық шерулер өтіп, оған 500 мыңнан астам адам қатысты. Шерушілер жапонның дүкендері мен кәсіпорындарына шабуыл жасаған. Осылайша, ел тұрғындары жапон өнімдерінен жаппай бас тартуға көшті. Сол жылдың 14 қыркүйегінде ҚХР-дың алты бақылаушы кораблі Жапония өзінікі деп санайтын территориялық су шекарасына кіріп, сес көрсетті. Сол уақыттан бері қарсылық белгісі ретінде қытайлық корабльдер Сенкакуға қайта-қайта кіріп тұрады. 2012 жылдың қыркүйек айында Қытай аралда жаңа истребитель және десантты кораблдерімен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге көшті. Кейін дауға Тайвань араласты. Ақырында Жапон үкіметі Сенкакуды қорғау үшін, оны күзетуге 20 патрулдік корабль мен 13 ұшақты жұмылдырды. Осы даудың кесірінен 2013 жылы G20 саммитінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ кездеспей қалды. Ал сол жылдың 3 қазанында Токиоға келген АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел Сенкаку аралының әкімшілік құқығы Жапонияға тиесілі екенін қадап айтты. Осылайша, Америка арал мәселесіне қатысты қақтығыс жағдайында күншығыс еліне қолдау көрсететінін аңғартты. 2014 жылы Си Цзиньпин мен Синдзо Абэенің ақыры кездесіп, жағдайды реттеу туралы төрт тармақтан тұратын келісіге қол қойғанына қарамастан мәселе өз арнасына түсіп, жайбарақат тапты деп айту қиын.
Қарабайыр қисынға салсақ аралдар дауының басталғанын 120 жылдан асып кетіпті. Міне, 2018 жыл да жетті. Қытай «бұл арал негізінде біздікі еді…» дегеннен танар емес. Біраз күн бұрын ғана Қытай сыртқы істер министрлігі Жапонияны Дяоюйдао төңірегінде өтірік ақпарат таратпауға шақырып, екі тараптың әлі де болса бейбіт келісімнен үміттенетінін айтты. Ол Жапония тарапы 2014 жылы қабылданған келісімді құрметтеп, соның талаптарын сақтауы тиіс деп есептейді.
11 қаңтар күні Жапония Сыртқы істер министрлігі Қытайдың әскери-теңіз корабльдерінің даулы аймаққа кіріп кеткені үшін ескерту жасады. Шетелдік әскери күштер 10 қаңтар күні кешкі уақытта Мияко аралының тұсында қылаң берген. Осыдан соң корабль солтүстік-батыс бағытта кетіп, таңертең Сенкаку аралы мен Тайсе аралының ортасындағы аймаққа енеді. Ал 11 қаңтар күні таңертең екі жапониялық әскери корабль Чивэйюй аралы маңындағы солтүстік-шығыс акваториіне кезекпен кіріп кеткен. Осыдан соң Қытайдың әскери-теңіз күштері оларды бақылауға кіріскен. Бұған наразылығын білдірген Жапония Сыртқы істер министрлігі түнгі сағат 2-де Қытай елшісі Чэн Юнхуаны шақырып алып, ескерту жасады. Елші де өз кезегінде Дяоюйдао аралының ежелден Қытай еліне тиесілі екенін айтып, бой бермейді. Осылайша дау әлі шешімін таппаған күйі жалғасуда. Тараптар кезекті мәрте бейбіт келісім туралы уағдаласқанымен, ол шын мәнінде жүзеге асатын емес.
Абай АЙМАҒАМБЕТ