Отыздың екеуі ғана оралған
...Сталинград майданының қызып тұрған шағы. Ұрыс басталып кеткен. Немістердің минометтен атқан снарядтары гуілдеп келіп жер ананың бауырында жарылып жатыр. Айнала алай-дүлей. Бұрқ-бұрқ көтерілген түтін ба, шаң ба жан-жағын тұманданып бүркемелей түскендей. Автоматтың арындаған дауысы да толастар емес. Дауысының өзі денеңізді түршіктіріп, төбе құйқаны шымырлататын. Бірақ сол сәттерде қорқып, бұғып қалу деген болмайтын. Кескілескен ұрыстың ортасында ел үшін, жер үшін деп ұрандатқан жауынгерлер жер бауырлап, жау танкілерін бомбалауда. Неміс фашистері жараланды-ау. Атыс-шабыс бір сәтке толастағандай болды. Жау жағы жеңіліс тапты. Ура! Ура! Ура! Алға... Ержүрек батырлар жеңісіне шаттануда. Ұрандатып, алға озуда. Кенет... Кенет қатты ысқырған дауыс шықты. Бұл сол. Сол минометтің бұларға бағыт алған снаряды. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ. Қарға адым жерге гуілдеп келіп жарылды. Дүние астаң-кестең. Жау жағы аясын ба? Жауынгерлер жараланды. Қатар жылжып келе жатқан қазақ және түркімен жігіттері қатты жараланды. Түркімен жігіттің бір қолын жұлып кетті. Ал, қасындағы қазақ жігіттің оң қолы сынып, сол көзі жараланды. Бетін жуған қаннан жан-жағын барлай алмады. Бірақ мұнда қалуға болмайтыны белгілі. Алға адымдау керек. Қаруластарына ілесу керек. Сол жақ тірсегіне де оқ тиіпті. Денесін сезер емес. Жарақатының жанына батқанына қарамастан бар күшін салып, әупірімдеп орнынан көтерілді. Көздің ұшындағы орманға жету керек. Қанша жүргені белгісіз, сүлдері құрып, ақсаңдап келіп, бір шұңқырға құлады. Бұл жаралы жауынгер – Нартай ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек Байжанов еді.
Жүректерде патриоттық сезім ұялатып, тұла бойға қуаныш кернететін мерекелер бар. Тәуелсіздік тәжін киіп, егемендік еншілеп, рухани тұрғыдан жаңғыруға бағдар алған қазақстандықтар үшін зор маңызға ие 9 мамыр – Ұлы жеңіс күні. Жыл сайын Жеңіс күні жақындағанда майдангерлердің жорық жолдары, олар басынан өткерген ауыр кезеңдер ойға оралады. Нағыз жалындаған жастық шағында қолына қару ұстап, ел қорғағаны, өлім мен өмір арпалысында талай тайталасқаны кімнің де болса көз алдынан өтетіні анық. Ұлы Отан соғысының әрбір күні өмір мен өлім арпалысқан, қантөгіс сәттерден құралғанын тарихтан жақсы білеміз. Бір қадам жер үшін қаншама жан қыршынынан қиылып, қаншама адам ауыр жарақат салдарынан мүмкіндіктері шектелді. Ал, олардың амандығын тілеп, елде қаншама жақындарының жүрегі қан жылады. Иә, бұл – бастарына «ауыздықпен су ішіп, етікпенен су кешетін» заман туғанда аталарымыз бен әжелеріміздің қандай ауыр кезеңді де қасқайып қарсы алатын биік рухының жемісі, жеңісі еді.
Жалпы Ұлы Отан соғысының тарихына көз жүгіртсек, жеңістер мен жеңілістерді зерделегенде, қазақ жауынгерлерінің рухани өрлігі, батылдығы мен тапқырлығы, қайтпас қайсарлығы жоғары бағаланады. Осындай сапта аталатын жауынгерлер қатарына Сәрсенбек Байжанов есімін батыл қосуға болады. Оның жауынгерлік ерлік жолдары осыған дәлел. Біз түйінін тарқатқалы отырған тақырыптың кейіпкері бұрынғы «Үлгілі», қазіргі Н.Бекежанов топырағында осыдан тура 95 жыл бұрын дүние есігін ашқан. Майдангердің өмір соқпағында ғасырды қамтыған дүйім Алаш баласының басынан өткен қилы заманның шежіресінен сыр шертуге болады десек, артық емес шығар, сірә да. Балдәурен балалық шағымен тұспа-тұс келген 1930-1933 ашаршылық жылдарының санаға салған соққысын біз тәптіштемей-ақ қоялық. Жалындаған жастығына қол салып, 1418 күнге созылған қан мен жасқа, мұң мен налаға толы күндерін қалайша ұмытсын, қарт майдангер?!
Шиелінің теміржол вокзалынан қылшылдаған 30 шақты жігітті тиеген жүк вагоны 1942 жылдың нақ 8 наурызында Алматы шаһарынан бір-ақ аялдайды. Сонда үш ай соғыс тактикаларына машықтанып, Қазан қаласына одан Саратовқа аттанады. Майдан шебінде жүріп небір сәттерді басынан өткізген қария соғыстың зұлматты күндерін терең тебіреніспен еске алады. Ол қаншалықты қиын болса да, өткен күндерге оралды. «Қарулас жолдастарыңның жараланған кездегі жан ұшырып қиналғанын, тіпті көз жұмғанын көру қиынның қиыны еді. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Біз жауды жеңеміз деп не көрмедік? Бұл соғыс кімдерді жалмамады, небір жақсылар мен жайсаңдар кетті ғой», – деп күрсінді С.Байжанов. Тіпті, жанарына іркілген жасты да жасыра алмай қалатын кездері көп. Оның себебі айдан анық.
– Бірде ұрыс мезетінде бөлім командирі Скрельников ауыр жараланды. Оң кеудесіне тиген автоматтың оғы арқасын тесіп шыққан екен. Командирімді далада қалдырмай, бір шақырымдай жерге арқалап келемін. Алдымыздағы өзенге келіп тірелдік. Ол әбден әлсіреп кетті. Бір кезде су сұрады. Оған су ішуге болмайтынын ескерттім. Демімді алайын дегенім сол еді, ол өзеннен каскасымен су алып үлгерген екен. Мен жалма-жан қағып жібердім. Бірақ, тым кеш еді. Ол суды ұрттап үлгерген екен. Сөйтіп, командирім қолымда жан тапсырды. Міне, бұл бір ғана оқиға, бір ғана көрініс. 1418 күнге созылған қаһарлы күндерде осындай оқиғалардың қаншасы орын алды десеңізші... Әңгіменің аяғында Сәрсенбек Байжановпен майданға бір мезетте аттанған отыз жігіттің екеуінің ғана елге аман оралғандығын білдік...
Дина ЖҮСІПОВА.