Жасампаз жасақ шеруі
Жеңіс мерекесінің 73 жылдығына арналған «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты митинг және гүл қою рәсімі өтті. Соғыс жылдарында жанқиярлық танытқан ата-бабалардың ерлігі мен өрлігіне қанығу арқылы өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке баулу мақсатында ұйымдастырылған патриоттық шараға аудан әкімі Әшім Оразбекұлы бастаған мемлекеттік қызметкерлер,
аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты. Сондай-ақ, арнайы жабдықталған автокөлік арқылы шеруді бастап Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тылдағы тауқыметті еңсерген еңбеккерлер жүріп өтті.
Ерлікпен келген осынау мерекелі күнді шиеліліктер Арман мәдениет үйінен Тағзым алаңына дейін Жасампаз жасақ шеруімен бастады. Сап түзеген жандардың қатарында қан майданнан оралмаған сарбаздардың, Ұлы Жеңісті ұрпақ еншісіне алып келіп, бейбіт өмірде де ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ардагерлеріміз бен соғыс жылдары хабарсыз кеткен жауынгерлердің туыстары мен ұрпақтары бар. Бұл бүгінгі ұрпақ зұлмат соғыста кеудесін оқ пен отқа тосқан жауынгер бабаларын ұмытпайтындығының бір көрінісі. Отан үшін жан қиып, бейбітшілік сыйлаған Ұлы Отан соғысының батырларына арнап мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.
1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн. 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер ең жоғарғы атақ «Кеңес Одағының Батыры» атанған болатын, оның 100-ден астамы – қазақтар. Қан майданға Шиелі ауданынан 6 мың сарбаз аттанады. Бірақ, олардың 1862-сі ғана туған жерге аман оралды. Мәселен, сол зұлматты жылдарда кеудесін оққа тосқан шиелілік Ұлы Отан соғысының бүгінгі көзі тірі ардагері Сәрсенбек Байжановпен бірге майданға бір мезетте аттанған 30 жігіттің тек екеуі ғана отбасымен қайта қауышқан. Шара барысында көк байрақты желбіретіп, азаттық сыйлаған қаһармандарды аудан тұрғындары бір минут үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы
аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап:
– Бүгін қасиетті де қастерлі мереке – Ұлы Жеңіс күні. Аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке есте сақтауға арналған ең қастерлі де мәртебелі мереке күні. Бұл – аға буын өкілдерінің адамзаттың бейбіт өмір сүруі жолындағы жанқиярлық ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Елбасымыз атап өткеніндей, біз әлемді фашизмнен азат ету үшін соғысқан батыр бабаларымыздың алдында мәңгі қарыздармыз» – деді.
Одан әрі Ұлы Отан соғысының ардагері, Сталинград түбіндегі шайқаста фельдмаршал Паулюсті тұтқындауға қатысқан сарбаздардың бірі Сәрсенбек Байжанов жұртшылықты Жеңіс күнімен құттықтады. Ауданның «Құрметті азаматы», ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов ардагерлер атынан көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, осынау күннің алар орнын атап өтті. Мерекеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірге тыл еңбеккерлері және тұрғындар қатысты. Шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Суреттерді түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.