Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал теңізінің ұлтанын көгалдандыруға бағытталған игі бастама

Арал теңізінің ұлтанын көгалдандыруға бағытталған игі бастама

Бір кездері айдыны шалқып, ақ шағаласы қалықтаған Арал теңізінің тағдыры бүгінде әлем жұртшылығын толғандырған өзекті экологиялық мәселелердің бірі. Теңіз деңгейінің төмендеуі салдарынан қалыптасқан экологиялық ахуалды жақсарту, тұзды шаңның таралуын азайту және табиғи ортаны қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл ретте сексеуіл егу – шөлейттенуге қарсы күрестің маңызды тетігі.




Бүгін «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы аясында Арал теңізінің бұрынғы табанында сексеуіл егу акциясы ұйымдастырылды. Игі шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің барлық өңірінен жиналған 100 волонтерлер табиғатты қорғау бастамасына үн қосып, 500 түп сексеуіл екті.

Теңіз табанына егілген әрбір сексеуіл – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты әрекеттің көрінісі. Тамырын тереңге жайып, құмды бекітетін бұл өсімдік тұзды шаңның таралуын тежеуге, құм көшкінін бәсеңдетуге және табиғи тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Сондықтан мұндай бастамалар Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуда айрықша маңызға ие.

Арал теңізінің бұрынғы ұлтаны аумағында орман алқаптарын қалыптастыру жұмыстары бірнеше жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2021 жылға дейін Қазақстан аумағында 192,8 мың гектар жер игерілген. Оның ішінде 1991–2020 жылдары облыстық бюджет есебінен 119,7 мың гектар аумаққа сексеуіл егілді.

Сонымен қатар халықаралық ұйымдар мен серіктестердің қолдауымен де ауқымды жұмыстар атқарылды. Халықаралық Аралды құтқару қорының қаражаты есебінен 1,1 мың гектарға, Германия ынтымақтастық ұйымының қолдауымен 1,3 мың гектарға, Қазақстан мен Дүниежүзілік банктің қаржысы есебінен 57,4 мың гектарға, ал Оңтүстік Кореяның қайтарымсыз қаржысы есебінен 13,3 мың гектарға орман отырғызылды.

Мемлекет басшысының бес жыл ішінде Арал теңізінің ұлтанына сексеуіл егу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2021–2026 жылдары 1,1 миллион гектар алқапта фитомелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Бұл – өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға, шөлейттену үдерісін тежеуге және табиғи ортаны қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам.
23 қазан 2026 ж. 27 0