Соғыстан оралған бір солдат
Кешегі өткен Ұлы Отан соғысының, сұм соғыстың зардабы мен тақсыреті әлі де жойылар емес. Соғыстың аты соғыс. Жауыңа қарсы шауып, бораған оқтың арасында жүру – өмір мен өлім күресі. Ажалың келсе мерт боласың. Ажалы жоқтар еліне оралады. Қаншама солдаттар самолеттерден тасталған бомбалардан, зеңбіректерден атылған снарядтардан, шынжыр табанды танктердің астында тапталып хабар-ошарсыз кетті. Мыңдаған жауынгерлер мүгедек, бірі мең-зең болып оралса, бірі майдан даласында қалып, енді бірі аяқтарын тастап оралды. Бәрінен де жан азабын айтсаңызшы. Қанша жар жесір қалса, қанша балалар жетім болып, аналар аңырап, құлындарын «келер деумен, оралар деумен» өмірлерінің соңына дейін күтумен өтті. Олайда-бұлай арманда кеткендер ішкі шерлерін о дүниеге өздерімен бірге ала кетіп жатады.
Жөлек ауылында туған Әбдуәли Әлжановтың Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, ерліктер көрсетіп, елге 1947 жылы ғана оралғандығын құжаттары арқылы білдік. Әбдуәли туған ағасы Қойшыбайдың қолында тәрбиеленіп, қызмет бабымен Алматы облысына көшіп барады. 1938 жылы Алматы облысы, Қоғалы аудандық әскери комиссариатынан Әбдуәли Әлжановты әскер қатарына шақырып, үш жылдық Отан алдындағы борышын өтеуіне бес ай қалғанда фашистік Германия елімізге соғыс ашады. №55 атқыштар полкіне курсант болып қабылданған Ә.Әлжанов одан әрі майдан даласына аттандырылып, миллиондаған жауынгерлер бастан кешкен қиян-кескі шайқастарды өткеріп, жан алысып, жан беріседі. 1941 жылы оң аяғынан ауыр жараланған Ә.Әлжанов госпитальда жатып емделген соң оны полкке старшина-писарь етіп, 1942 жылы ақпан айында қайтадан соғыс майданына жіберіледі. Соғыс дайындығынан өткен старшина Ә.Әлжанов алдыңғы шептен көрініп, батысқа қарай жылжи түседі. Соғыстан алған жарақат салдары Әбдуәлиді №195 Бронетанк ремонт зауытынан бірақ шығарды. Онда өндірістік саланың меңгерушісі болады. 1944 жылдан 1945 жылдың шілдесіне дейін 2-Горьков танк училищесінің курсанты болып, мықты әскери мамандыққа даярланады. Старшина Ә.Әлжанов соғыс біткесін де екі жыл Беларуссия жерінде комендатурада қызмет етіп, елге 1947 жылы қазан айында оралды. Ол әскерге шақырылғанға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш қаласында зооветтехникумды бітіріп, зоотехник мамандығын алған еді. Енді майдангердің бейбіт өмірдегі еңбек жолы басталды. Шиелі жер бөлімінде (қазіргі ауыл шаруашылық бөлімі)
зоотехник, бас зоотехник, 1956 жылдан бастап «Сырдария» совхозында зоотехник қызметтерін атқарады. Соғыс тауқыметін бір адамдай көрген Ә.Әлжановтың денсаулығы да сыр бере бастады. Соғыстың ауыр жолдарын жүріп өткен соғыс және еңбек ардагері Ә.Әлжанов небары 45 жасында 1963 жылы қаңтар айында өмірмен қоштасады.
– Мен әкем жайлы сөз қозғасам, ішім удай ашып, жаным ауырады. Қысқа өмірінің он жылын әскер мен соғысқа арнады. Бұл фәниде не қызық көрді?
«Ең болмаса, менің де ержеткенімді көре алмады. Шешем Үрлайдан жалғыз ұл боп мен қалдым. Кеше соғыс ардагерлеріне көше аты беріліп жатқанда (әскери билетін) құжатын жоғалтып, зорға тауып алғаным, өкінішті болып тұр» – дейді, Әбдуәли майдангердің бір түйір баласы. Аудан көлемінде басшылық қызметтер атқарған еңбек ардагері, танымал азамат Жеңіс Әлжанов айтса айтқандай, оның әкесі Әбдуәли Әлжанов неміс фашистерімен соғысып, жеңіс үшін күресті. Қуаныштан жарылып ұлына да Жеңіс есімін берді. Соғыс жауынгерінің ғұмыры да қысқа болды. Әкесін мәңгі есте қалдыру – кімнің болса да арманы. Оған қаракет жасау, әрекет ету майдангер Әбдуәли Әлжановтың ұлы Жеңістің құқылық ісі.
Старшина Ә.Әлжановтың омырауында «Германияны жеңгені үшін» медалі жарқырайды. Ол Ұлы Жеңістің белгісі. Бұл соғыстан оралған бір солдаттың ұмытылмастай өмір жолы.
«Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дегендей, кеш болса да соғыс солдаттарына, майдангер-жауынгерлерге деген құрмет толастай қоймас. Олардың рухтары ұрпақтарын бей-жай қалдырмайды, тыныш ұйықтатпайды да.
Сәкен БӘКІРОВ,
кент тұрғыны.