Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Мүбараков Қамбарбек Амангелдіұлының аудан тұрғындарын 7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтауы

Аудан әкімі Мүбараков Қамбарбек Амангелдіұлының аудан тұрғындарын 7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтауы

Құрметті Ұлы Отан Соғысының ардагерлері мен майдангер ұрпақтары!
Қымбатты тыл еңбеккерлері, абзал аналар!
Сіздерді 7-мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен және өшпес ерліктің мерекесі – Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мемлекеттік мейрамдар батырлардың даңқты рухын ардақтап, Отанға адал қызмет етуді айқындайтын айтулы күндер.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлер мен ер мінезді қыздарымыздың қаһармандығы аңызға айналды. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жерлестеріміз қайсар ерліктің үлгісін көрсетіп, есімдерін тарих бетіне алтын әріппен жазды. Барша қазақстандықтармен бірге біздің Шиелі өңірінен де Ұлы Отан соғысына алты мыңнан астам жауынгер аттанып, туған жерін жаудан азат етуге қатысқан. Майдан даласынан елге аман қайтқан жауынгерлер түрлі салада қызмет етіп, майдандағы ерлік істерін бейбіт күндегі адал еңбектерімен жалғастырып, елге өлшеусіз қызмет етті.
Тыл еңбеккерлері майдан үшін, жеңіс үшін жанқиярлықпен еңбек етіп, жауынгерлерді қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтыды. Азаматын жоқтатпаған қамкөңіл аналар мен ер-азаматтың қайратын қажет ететін «қара жұмыста» жүріп, ерлермен иық тірестіре орақ орып, жер жыртысқан қыз-келіншектердің де ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
Жеңіс күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған алдыңғы буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Олардың есімдері халықтың жүрегінде мәңгі сақтала беретін болады. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен абзал аналар дарытқан қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісін ұлықтаған даңқты мереке – батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі болып саналады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің сарбаздары бұл даңқты жоғары абыроймен жалғастырып келеді.
Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіздің, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы бейбіт күнде өмір сүруде.
Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!
Қымбатты Отан қорғаушылар!
Әрбір саналы ұрпақ үшін Отанын қорғаудан құнды, одан қымбат ешнәрсе жоқ. Бұл шынайы патриотизмді талап етеді. Бұл – зор мәртебе! Қазақтың қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген. Осынау ғасырлар көгіндегі өшпес өсиет – әрбір Отан қорғаушының мәңгілік ұраны болатынына сенімдіміз.
Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қуаты нығайып, даңқы арта берсін!
Жеңіс күні көңілдеріңізге нұрлы шуағын шашып, жарқын қуаныштар әкелсін!
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктері арта берсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
05 мамыр 2020 ж. 907 0