Ардагер ардақталды
Кеше аудан әкімі Әшім Оразбекұлы аудандағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек Байжанов ақсақалдың шаңырағына арнайы ат басын бұрып, Ұлы Жеңістің 74 жыдық мерекесімен құттықтап қайтты. Бүгін яғни, 9 мамыр күні 97 жасқа толатын соғыс ардагеріне жергілікті билік үнемі жағдай жасап, көмек қолын созудан аянып қалған емес. Бұл жолы да, өңір әкімі соғыстың соңғы сарбазына өзінің құттықтау сөзін айтып, мерекелік гүл шоқтарын табыс етті.
Сонымен қатар, облыс әкімі Қарымбек Көшербаевтің ардагерге жолдаған құттықтау хаты мен ыстық ықылас, жылы лебізін жеткізді. Хатта аймақ басшысы: «Сізді 9 Мамыр – Ұлы Жеңістің 74 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – теңдесіз ерліктің,еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Сіздің майдан даласындағы жанқияр ерлігіңіз бен жаужүрек батырлығыңыз бүгінгі ұрпақтарыңыз үшін нағыз өнеге, тәлім тәрбие. Бүгінгі мамыражай тыныш өміріміз үшін Сіздерге басымызды иіп, алғысымызды білдіреміз. Сізге зор денсаулық, шаңырағыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!», – делінген.
Иә, Отан үшін отқа түскен. Толарсақтан саз кешіп, бүгінгі бейбіт заман үшін жаумен қарсы келіп, жер жастандырған батыр бабаларымызды қалай құрметтесек те жарасады. Лайым, төбемізде тыныштық орнап, тәуелсіз Қазақстанның аспаны ашық болғай.
Е.Айтөреұлы.