БІЛІМНІҢ ШАМЫН ЖАҚҚАН ЖАН
Ұстаз – ұлағатты ұғым. Мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, болашаққа бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтін асыл жандар. Өйткені, ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытатын жұмысшы, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да бәрі ұстаздан білім алады. Сондықтан бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.Елінің дамуына тамшыдай болса да үлесін қосып, өмір сүрген ортасына, балғын балауса бүлдіршіндерге білім беруде еңбек жолын бастаған, жанға жайлы сөзімен де, ісімен де талап биігінен шыға білген жан – №181 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жұлдызай Жақыпова десек жаңылмаймыз.
Ол 1965 жылы 10 қарашада Бала би ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжге оқуға түсіп, 1987 жылы бітіріп шығады. Сонан соң Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жоғары білім алды. Алғашқы еңбек жолын Бала би ауылындағы савхозда қарапайым қызметкер болып бастап, кейін Алмалы ауылдық округі, 21 бекетінде орналасқан №243 мектебінде кәсіби еңбек жолын жалғастырады. Ал 1994 жылдан бүгінгі күнге дейін №181 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етуде.
«Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп, хәкім Абай айтпақшы, осы саланың күрделі жол екенін білсе де, бір сәтке өзінің мамандығынан, Тәңір дарытқан ұстаздық болмысынан ажыраған емес. Ол шәкірт тәрбиелеп, оқушыларға сапалы білім беруді өмірлік ұстанымына айналдырған жан.
– Менің негізгі ұстанымым – елін, жерін сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Бұл ел келешегінің кепілі деп ойлаймын. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай «Сабақ беру – үйреншікті жәй шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер». Ұстаз – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, тарихтың да, ұлттың да, жақсы мінездің де жанды өкілі, – дейді кейіпкеріміз.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде», – деуінің өзі бекер емес, өйткені ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиет болуы шарт. Өз шәкірттеріне сүйіспеншілікпен қарай алмаған мұғалімнен жақсы маман шықпасы анық. Ал, Жұлдызай Жақыпованы алатын болсақ, сан мыңдаған шәкірттер тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан, 40 жылға жуық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз. Ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Алған мақтау, марапат, алғыс-хаттарын тізетін болсақ, өз алдына бір төбе. Бірақ, адамның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері болмақ. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұрған ұлағатты мамандық иелері өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі болары сөзсіз.
Жас буынға тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, оған дұрыс бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Бала біткенді білім нәрімен сусындатқан диқан секілді. Себебі, ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Кейіпкеріміз Жұлдызай Жақыпова еңбек жолында мыңдаған оқушыларды тәрбиелеп шығарды. Бүгінде оның тәлім берген түлектері республиканың түпкір-түпкірінде әрбір саланың білікті маманы атанып отыр.
Бүгінгі мақаламызға арқау болған Жұлдызай Жақыпова мектепті білікті ұстаз болса, үйінде асыл жар, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана, ардақты әже. Міне өз бақытын ұстаздықтан тапқан кейіпкерімізге көкжиегіңіз кестелі, көретін қызығыңыз дестелі болсын демекпіз!
М.ИБРАГИМОВ






