Адалдықтың ақ туы жығылмасын
Біреудің қалтасына кеткен қаржы – бір баланың ала алмаған білімі, тіпті науқастың қолы жетпеген емі, бір ауылдың тақыр жолы болуы мүмкін. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес – заң алдындағы міндет қана емес, ұрпақ алдындағы аманат.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге айрықша назар аударып келеді. Президент 2026 жылғы 13 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық жағдайын «аса күрделі» деп бағалап, заңсыздыққа көз жұма қарауға болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, 2023–2025 жылдары елімізде 3 168 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы анықталса, 2026 жылдың алғашқы он айында тағы 751 дерек тіркелген. Бұл сандардың әрқайсысының ар жағында ел игілігіне жұмсалуға тиіс қаржы, қоғамның сенімі мен әділетке деген үміті тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Мемлекет басшысы сондай-ақ заң алдында ешкімнің лауазымына, таныстығына немесе жақындығына қарай артықшылық берілмеуге тиіс екенін атап өтті. Расында, заңның таразысы біреуге жеңіл, біреуге ауыр тартса, әділеттің қадірі кетеді. Ал әділет әлсіреген жерде қоғамның мемлекетке деген сенімі де сынға түседі.
Байлықтың үлкені – елдің қазынасы емес, сол қазынаға қол сұқпайтын ар-ұят. Қызметтің биігіне көтерілген жан халықтың сенімін арқалап отырғанын сезінсе, әрбір шешімін жеке басының пайдасымен емес, елдің мүддесімен өлшер еді. Өйткені мемлекеттік қызмет – мансаптың мінбері емес, халыққа қызмет етудің мінбері. Ел игілігіне берілген әр тиынның сұрауы, әр шешімнің жауапкершілігі бар.
Жемқорлықпен күрес тек айыптау мен жазалаудан тұрмайды. Оның тамырына балта шабу үшін адалдықты өмірлік ұстанымға, әділдікті қоғамдық өлшемге айналдыру қажет. Елдің ертеңі – бүгінгі адалдықтың еншісінде. Ар алдында таза, заң алдында жауапты, халық алдында шынайы болу – әр азаматтың борышы. Әділеттің шырағы сөнбесін десек, адалдықтың алауын әр жүректе жағуымыз керек. Өйткені елді биікке көтеретін – көл-көсір байлық емес, кіршіксіз ниет пен парасатты қоғам.
А.Нұрманова,
Шиелі аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасы
бас маман-бас қазынашы
Шиелі аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасы
бас маман-бас қазынашы






