Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰСТАЗДАРДЫҢ ЖЕҢІСІ – МЕКТЕП МЕРЕЙІ, ӨҢІР МАҚТАНЫШЫ

ҰСТАЗДАРДЫҢ ЖЕҢІСІ – МЕКТЕП МЕРЕЙІ, ӨҢІР МАҚТАНЫШЫ

№270 Ғафур Мұхамеджанов атындағы орта мектеп мұғалімдері республикалық спартакиадада күміс жүлдеге қол жеткізді. Ұстаздың еңбегі тек сынып бөлмесінде берген білімімен ғана өлшенбейді. Оның өмір салты, қоғамдық белсенділігі, табандылығы мен жеке үлгісі де жас ұрпақ тәрбиесінде айрықша рөл атқарады. Ал педагогтердің спорт алаңындағы жетістігі – осы қасиеттердің жарқын көрінісі. Мұны Алматы қаласында өткен VI Республикалық Қазақстан мұғалімдері спартакиадасында жоғары нәтиже көрсеткен №270 Ғафур Мұхамеджанов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің жеңісі тағы бір мәрте дәлелдеді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 1300-ден астам педагог қатысқан дүбірлі додада облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреп, күміс жүлдегер атанды. Бұл – өңір ұстаздарының спорттық дайындығы мен ауызбіршілігін, бәсекеге қабілеттілігін танытқан елеулі жетістік.
Алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған республикалық спартакиада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының 2026 жылға арналған бұқаралық спорттық және дене шынықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілді. Спорттық шараға Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіптік одағы қолдау білдірді.
Бәсекеге қатысушылар волейбол, баскетбол 3×3, шағын футбол, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ және үстел теннисі бойынша бақ сынады. Әр спорт түрінде қатысушылардың физикалық дайындығы, шапшаңдығы, ептілігі, тактикалық ойлауы мен командалық үйлесімі сынға түсті. Осы тартысты додада №270 Ғафур Мұхамеджанов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі ағайынды Ғабит, Ғазиз Тасболат және Абай Шерахан ерлер арасындағы баскетбол жарысында шебер ойын көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Үш педагогтің бір команда құрамында топ жарып, республикалық деңгейде жүлдегер атануы – кездейсоқ жетістік емес. Оның артында жүйелі дайындық, спортқа деген сүйіспеншілік, жауапкершілік пен жеңіске деген жігер жатыр. Баскетбол алаңындағы әрбір ұтымды пас, дәл соққы мен командалық шешім осы қасиеттердің нәтижесін көрсетті.
Бұл жеңістің мектеп өміріндегі орны да ерекше. Өйткені дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері күнделікті сабақ барысында оқушыларды спортқа баулып, олардың физикалық дамуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді. Ал өздері республикалық жарыста жүлде иеленуі – айтқан сөз бен көрсеткен үлгінің бір арнада тоғысқанын аңғартады.
Республикалық додада өңір намысын қорғап, мектеп абыройын асқақтатқан ұстаздардың жетістігі әріптестеріне де, шәкірттеріне де үлгі болары анық. Бір мектептің үш мұғалімі республикалық деңгейде жүлдегер атанып, облыс құрамасының жалпыкомандалық күміс жүлдеге қол жеткізуіне үлес қосты. Мұндай жеңістер – өңірдегі ұстаздар қауымының әлеуетін танытып қана қоймай, білім мен спортты қатар дамытуға деген ұмтылыстың да айқын дәлелі.
Ұстаздың жеңісі – шәкіртке өнеге, мектепке мәртебе, өңірге мақтаныш. Алматы төрінде қол жеткізілген бұл күміс жүлде №270 Ғафур Мұхамеджанов атындағы орта мектеп тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі ретінде бағалануға лайық.

М. Кеңесұлы
23 қараша 2026 ж. 17 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9455).

21 қараша 2026 ж.

№87 (9454)

17 қараша 2026 ж.

№86 (9453).

14 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30