Шәкірттерге шаттық сыйлаған шара
Жылдағы дәстүрге сай өткізілетін «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы биылда жалғасын табуда. Жаңа оқу жылы қарсаңында №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте М.Тұрабаевтың басшылығымен, Ж.Сакибекованың ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы өтті. Қайырымдылық шараға аудандық білім бөлімінің бас маманы Т.Бөпежанов қатысып, аталмыш мектептің әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы 30 оқушысына мектепке қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелер мен спорттық және мектеп формалары таратылды. Акцияға мектептің ата-ана қамқоршылық кеңес төрағасы Ғ.Әлманов, білім ошағының директоры М.Тұрабаев, директордың оқу, тәрбие, шаруашылық жөніндегі орынбасарлары Д.Алшынбаева, Ж.Сахибекова, Б.Бәкір және сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері қаржылай қолдау көрсетіп, шәкірттеріне ұстаздық махаббатын көрсетті.
Әрбір оқушыны өз баласындай көретін мектеп мұғалімдері игі шараға жыл сайын атсалысып келеді. Баланың жүзіне күлкі үйіріп, қуанышына сеп болу тек ата-анаға ғана емес, ұстаздарға да үлкен бақыт. Акция – мектепке қарай жол салса, ұстаздар – болашаққа бағдар беріп, үлкен өмірге қанаттандырады. Аталмыш акцияға қатысқан ата-аналар да риза болып, қайырымды жандарға ыстық ықыласы мен жылы лебіздерін білдірді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.