Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ТЕК КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ҚАЛТАЛЫ АЗАМАТТАРҒА АРНАЛМАҒАН

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ТЕК КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ҚАЛТАЛЫ АЗАМАТТАРҒА АРНАЛМАҒАН


«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ ТЕК КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ҚАЛТАЛЫ АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ШАРА ЕМЕС. БҰЛ БАСТАМАҒА ӘРБІР АЗАМАТ АТСАЛЫСЫП, ӨЗІНІҢ ҮЛЕСІН ҚОСУЫ ҚАЖЕТ. ЯҒНИ, КӨПБАЛАЛЫ НЕМЕСЕ ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН ОТБАСЫНАН ШЫҚҚАН ОҚУШЫЛАРҒА ӘРҚАЙСЫСЫМЫЗ ҚОЛ ҰШЫН БЕРІП, ЖҮЗДЕРІНЕ КҮЛКІ ҰЯЛАТУЫМЫЗ КЕРЕК», – ДЕЙДІ ӘЛИЯР СЕЙІТОВ.
Жақсылық жасауға жаны құштар ағамыз әрдайым игі бастамаларды қолға алып, жұртшылықтың құрметіне ие болып жүреді. Бау-бақша егіп, гүл өсіруге жаны жақын Әлияр Сейітов білім күні қарсаңында ұйымдастыратын шарасын биыл да ұмыт қалдырмады. Әдеттегідей 21 бекеттің кіре берісіне еккен алма бақ пен гүл алаңы маңында 4 мектептің 50-ге тарта оқушыларының басын қосып, гүл тарту етті. Биылғы шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының бірінші орынбасары Патима Маханбет, «Есабыз ата» мешітінің имамы Қалкөз Өтемұрат, ардагер Мұхамедияр Сейітов және ата-аналар қатысып, оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, табыс тіледі. Сондай-ақ, осы шараны қолға алып жүрген азаматтарға да алғысын білдірді.
«Бұл жалғыз менің еңбегім емес. Бұл алма ағаштарын баптап, гүлдерін қорғап, суды реттеп жүрген Жүніс Ысқақов пен Ербол Қоңқаевтың еңбегін атап өткен жөн», – дейді Әлияр аға.
Осылайша жаңа оқу жылын бастаған оқушылар мектепке құшақ-құшақ гүлдерімен жол тартты. Оқушыларға қуаныш сыйлап, оқуға деген құлшынысын арттыратын бастамалар қолға жиі алынып тұрса, үздіктер арамызда көбейеді деген ойдамыз.

Е.ДАТКЕНОВ.
04 қыркүйек 2018 ж. 1 625 0