Бүлдіршіндерге гүл ұсынбақ
Баланың шат күлкісі мен қуанышына ештеңе жетпейді. Олар үшін әр мереке қуаныш. Әсіресе, бала үшін ең маңызды күн алғаш мектеп табалдырығын аттап, әліппе ашқан сәті болмақ. Ал, 21-бекет, Лесхоз (Ызалыкөл), Жансейіт, Алмалының кішкентай бүлдіршіндері үшін бұл сәт қуаныштардың еселеніп, ерекше есте қалатын сәті болмақ. Өйткені, осынау ауылдың бірінші сынып оқушылары гүл алады. Иә, солай. Өзге ауылдарда ұстаздарына оқушылар гүл берсе, бұл күні оқушының өзі гүл алу қандай керемет, я.
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, тақырыптың өзегі табиғаттың жанашыры Әлияр Сейітовтың әдемі ісі жайында болмақ. Бұл ізгілікті әдемі деуіміз тегін емес. Өйткені, біреуге гүл сыйлап, сыйға гүл алу – ерекше сезімге бөлейтіні рас.
Әлияр Сейітовтың есімі ауданға тек гидротехник емес, табиғат жанашыры ретінде де етене таныс. Жүрген жерін арай баққа айналдырып жүретін жанның табиғатқа, жасыл-желекке деген ынтызарлығын аңғару аса қиын емес. Өзінің қызмет еткен жылдарында 4 учаскенің басшысы болса, сол жерлердің барлығына ағаш егіп, гүлмен көмкеруде. Білгеніміздей, бүгінде 0,5 га. аумақта 132 түп алманың 4 сұрыбы, жүзім, алмұрт ағаштары, роза гүлдің бірнеше түрі мен өзге де гүлдер бар екен.
Көргенде көз сүйсінетін іс кімге болса да үлгі, өнеге болмақ. 1983 жылдан бері гүл егуді қолға алған жан бақ өсіруге де халықты үндеуде. Енді соңғы жылдары тек үндеумен шектелмей, мектепке алғаш баратын бүлдіршіндерді өзінің бағына апарып, көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынуды жөн санапты Ә.Сейітов.
– Бүлдіршіндер мектепке барар күнді асыға күтеді. Өйткені, бұл қадам – үлкен армандардың бастауы болмақ. Білім мен ғылымның ғасырында балалардың алғашқы қадамдарында - ақ құлшыныс пен ұмтылыс байқалып тұруы тиіс. Бұл бастама арқылы біз балаларға табиғатты сүюге, бойларына ізгілік мен мейірім нұрын құюға тырысамыз. Қазіргі кезеңде балалардың табиғатқа жақын болып өсуіне жағдай жасау арқылы оларды табиғатты құрметтеуіне, келешекте айналаны таза ұстауына, көгалдандырып, гүлдендіруге баулимыз. Біз биыл бірінші сыныпқа баратын 4 ауылдың балаларына гүл сыйламақпыз. Гүл дегеніміз әдемі ғой. Ал, әдемі нәрсені сыйға алу қуанышқа бөлейді. Әлбетте, балалардың қуанышы – қуаныштардың төресі. Баланың шат күлкілері мен бақытты балалық шақтары біз үшін үлкен байлық, – дейді Ә.Сейітов.
Жасыратыны жоқ, білім күні қарсаңында гүл үшін базарға ағыламыз. Ал, сушы Сейітов сол гүлдерді өсіріп, оны жас жеткіншектерге ұсынуда. Бұл да қайырымды істің бір көрінісі десек қателеспейміз. Табиғаттың сұлулығына тамсанып қана қоймай, оны аялап, баптап, бақ өсіруді атадан қалған аманатындай көретін Сейітов осылайша ұрпақ бойына да ізгіліктің дәнін себуде. Табиғатадамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Ал баланы жастайынан сол табиғатты сүюге ұмтылдыра отырып, айналаны тануға дағдыландыру, әсемдікке құштарлығын арттырып, еңбекке баулудың маңызын ісімен көрсетіп отырған Әлияр Сейітовтың тірлігі көңілге қонымды-ақ.
Дина ЖҮСІПОВА.