Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаттыққа бөлеген шара

Шаттыққа бөлеген шара


Дана халымызда «Адамның бір қызығы бала деген» терең мағыналы сөзі бар. Кез-келген адам өмір бойы жете алмайтын бақыты өзінің ұрпағымен келетініне мән бермеуі мүмкін. Біреу бақытын байлықтан іздесе, біреулер мансап қуып, қызмет жасайды. Ал, адамның негізгі бақыты – өзінің ұрпағы. Ұрпағымен мың жасайтын адам сәбиі дүниеге келгеннен бастап үлкен міндетті мойнына алады. Ол – ұрпақ тәрбиесі. Баланы ұлттық тәрбиеге баулып, бойына адамгершілікті, мәдениетті, инабатты, өз ана тіліне деген құрметті сіңіре тәрбиелеу алдымен ата-ананың, сонан соң өскен ортасының міндеті. Осы ретте тәрбиенің ең үлкен баспалдақтарының бірегейі балабақша десек, артық айт­қандық болмас.
Осы үдеден шығу мақсатында жұ­мыс жасап отырған Ортақшыл ауылындағы «Мадина» шағын орталығы Елбасының «Балапан» бағ­дарламасы аясында өмір­ге келген. Аталған балабақшада бүгінгі таңда қырыққа жуық бала бар.
Орталық қабырғасында әр мереке өз деңгейінде аталып өтіп, тәрбие-тәлімі талап биігінен көрінуде. Балалар асыға күтетін жаңа жыл мерекесі қарсаңында да аталған орталықта «Қош келдің, Жаңа жыл» атты ертеңгілік ұйымдастырылды. Балаларды айрықша көңіл-күйге кенелтіп, шаттыққа бөлеген салтанатты шарада түрлі аңдар мен ертегі кейіпкерлері болды. Кішкентай бүлдіршіндер сол кейіпкерлермен бірге қызықты оқиғалардың куәсі болды. Ерте­гілер әлеміне саяхат жасаған балалар мәз-мейрам болып, жасыл шырша жанында ән айтып, би биледі. Аяз Ата мен Ақшақар балаларға жаңажылдық сыйлықтар таратты.
Өз кезегінде ата-аналар әдемі ертең­­гілік ұйымдастырып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, өнерлі балаларды дайындап, шараның мәнді де мағыналы болып өтуіне үлкен күш салған шағын орталық тәрбиешілері М.Фазыл, Г.Байназар, А.Әбуоваға ри­зашылықтарын жеткізіп, алғыстарын айтты.
Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Келе­ше­гіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Олай болса, «Мадина» ұжымына алдағы уақытта тек жемісті еңбек тілейміз.
Д.Жүсіп.
31 желтоқсан 2017 ж. 1 279 0