Бүлдіршіні бақыттың бесігінде
Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетіліп, дамыған, парасатты азамат тәрбиелеп өсіру отбасының, балабақшаның, барша қауымның міндеті. Қазіргі заманда жас ұрпаққа саналы тәрбие беру әлеуметтік құрылымның ең маңызды саласы болып табылады. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасында «Мектепке дейінгі тәрбие үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Ол баланың жеке бас ерекшелігін ескере отырып дамытатын орталық» делінген.
Ұлттық тәрбие кәусарынан нәр алған тәрбиеленушілердің бойына адамгершілік пен ізгілікті қалыптастырып, жүйелі жұмыс жүргізіп, ата-аналармен тығыз байланыс нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған бөбектердің тәрбие ордасына айналған бірден-бір бала-бақша ясли «Жанерке и К». Бекітілген іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қандай мерекелер болсын атаусыз қалмайды.
Безендірілген зал. Жасыл шырша. Ертегі кейіпкерлері. Түрлі маска киген, көңілді балалар. Баласының жарқын жүзіне шаттанған ата-ана. Иә, бұл көріністер жоғарыда аталған бала-бақша яслидің бірер күнде босағамыздан аттағалы тұрған жаңа жыл мерекесін қарсы алуға арналған ертеңгілігінің алдындағы картина. «Кел, жаңа жыл, жаңа жыл!» тақырыбында өткен мерекелік ертеңгілік барысында бүлдіршіндер шат-шадыман күйге еніп, ортада сәні мен әрі келіскен жасыл шырша жанында бар өнерлерін паш етті. Күнделікті телеарнадан көріп жүрген мультфильм мен анимациялық кейіпкерлерінің ортасына тап болғандай күйге енген балалардың таңданысы мен көңілді күйлері жүздерінен байқалып-ақ тұрды.
Шара шағын қойылымнан басталып, өнер кешіне ұласты. Бөбектердің әрқайсысы салтанатты жиынды әнмен әрлеп, бимен көмкеріп, өлең жолдарымен мазмұнын айшықтай түсті. Тәттілер мен сыйлықтарға ие болған бөбектердің осынау қуанышын көрудің өзі бір бақыт.
Балабақшаның әрбір күнін қызықты да тартымды, мағыналы өткізуді жоспарлап, ұжымның ынтымағын жарастырып, баланың жан жақты білім, тәрбие алуына жағдай туғызып отырған іскер меңгерушісі К.Камалова мен өзге де тәрбиешілеріміздің ұрпақ тәрбиесіндегі ізденісін айрықша айта кету керек. Олар бүлдіршіндерге жүрек жылуын, мейірімі мен шұғылалы шуағын аямайтын ізгі жандар. Олай болса, бүгінгі тәрбиеленуші еліміздің ертеңгі тұтқасы десек, егеменді еліміздің болашағы, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуде баршамыз тыңғылықты еңбек етуге тиіспіз. Ал, әр бүлдіршіннің бақыт бесігінде тербету үшін уақыты мен еңбегін сарп етіп жүрген ұжымның мақсаты айқын, қадамы нық.
Дина ЖҮСІПОВА.