Алғашқы қоңырау сыңғыры
1 қыркүйек балалар, тіпті барша халық үшін тамаша мереке болып өтетіні көпке белгілі. Себебі, бұл күні оқушылар жаздай демалыста жүріп, сағынған мектептерінің есігін ашады. Ал, кішкентай бүлдіршіндер оқу ордасының табалдырығын аттайды. Дәл осы күні еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиындар ұйымдастырылды. Өңірдегі №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектебінде де алғашқы қоңырау соғылып, «Сыңғырла, алғашқы қоңырау» тақырыбында білім күніне арналған салтанатты шара өтті. Үш ай демалыстан кейін мектеп іші оқушыларға толып, ерекше көңіл-күй сыйлап тұрды.
Биылғы оқу жылында Шиелі ауданы бойынша барлығы 2100-ге жуық бала 1-сыныптың партасына отырды. Ал, 2014 жылы пайдалануға берілген ғимараты жаңа №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте 500-ге жуық оқушы білім алады. Заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген оқу ордасының техникалық-базасы да көңіл көншітеді. Мұғалімдердің сабақтан тыс уақытта жұмыс жасайтын арнайы кабинеті де қарастырылған. Сонымен қатар, спорттық үйірмелер іске қосылып, бокс, баскетбол, гандбол, футбол, таеквандо сынды спорт түрлерінен республикалық, облыстық деңгейде жүлделі орындардан көрініп келеді. 60-қа жуық білікті ұстаздың ұлағатын көріп, тәлім-тәрбие алуға биылғы оқу жылында 54 бала оқушылардың қатарына қосылды. Тарыдай болып келген кішкентай бүлдіршіндерді Ж.Маесиевна, Ә.Аралбаева, К.Махаббатқызы қабылдап алды.
Әнұран қалықтап, көк ту көкте желбіреген салтанатты шараға аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қатысты. Мектепке жаңа қадам басқан кішкентай шәкірттерге сәттілік тілей отырып, 1-сыныпқа арналған кабинеттерді аралады. Сонымен бірге, ардагер ұстаздар және шаттыққа толы қуанышты күнге балдырғандарын жетектеп әкелген ата-аналар атынан ардагер кітапханашы Аманкүл Ерепбайқызымен білім саласының ардагері Сәулебай Аймаханов өзінің мерекелік лебізін жеткізді.
Жаңа оқу жылындағы құттықтаулардан кейін егемен елдің болашақ ұрпақтары, мектепке енді ғана қадам басқан бірінші сынып оқушылары жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқыды. Оларға мектеп бітіруші түлектері қанаттарының талмауын тілеп, сыйлықтарын табыс етті.
Бүгінгі жиынымыздың ең толқулы ғажайып сәті енді басталғандай. Күміс қоңырау – оқушылық өмірдің белгісіндей боп жаңғырмақ. Алғашқы қоңырау соғу құрметі жас бүлдіршін 1-сынып оқушысы Әлихан Болатбеков пен Нұрай Ғазизқызы және мектептің мақтанышы, оқу озаттары 11-сынып оқушысы Нұрай Жақсылыққызы мен Айжан Есіркепке берілді. Барша оқушыларды сабаққа шақырған күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, мұғалімдер жұмысына кірісті.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.