Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғылды соңғы қоңырау

Соғылды соңғы қоңырау



Білім айдынында мектеп атты кемені 11 жыл мекен еткен түлектердің желкенін үлкен өмірге қарай бұратын сәті келді. 25-мамыр еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған мектептің жас түлектері алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын күн.
Тағы бір оқу жылы аяқталды. 2017-2018 оқу жылында облыс бойынша білім беру ұйымдарын 7113 түлек бітіреді. Биыл түлектер ішінен «Алтын белгіге» 343 үміткер бар. Ал, аудан бойынша 892 түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Оның 522-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп жоспарлануда. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен үздіктер қатарынан көрініп, 11 жылды «бестік» бағамен қорытындылаған 16 түлек «Алтын белгіге» ұсынылуда. Көңілдерде қимастық сезімі ұялап, тарыдай болып аттаған табалдырықтан көкке қанат жайған соңғы қоңырау үні Шиелі кентіндегі №127 Шоқан Уалиханов атындағы орта мектеп-лицейінде де сыңғырлады. 116 педагог қызмет ететін мектепте жоғары санатты-20, І санатты-45 мұғалім бар. Оқушылардың үздіктер қатарынан көрінуіне мектеп директоры Г.Бердәліқызының да еңбегі баршылық. 31 жылда мыңдаған түлектерді қанаттандырған оқу ордасына аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мен білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов және ардагер ұстаздар да табан тіреді. Жаңартылған білім жүйесіне байланысты мектептің хал-ахуалымен танысқан аудан әкімі «Робототехника» үйірмесін көріп, алдағы уақытта да ІТ технологияны жетілдіре түсуге тапсырма берді.
Одан әрі салтанатты рәсім дәстүрге сай, әуелі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұран орындаудан бастау алды. Шара барысында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мектеп бітірушілерге жылы лебізін білдіріп, ауданда білім саласын өркендетуге ерекше көңіл бөлініп, тәуелсіздік жылдары ішінде 22 мектеп салынып, бой көтерсе, ауданда соңғы бес жылда 7 мектеп жаңадан пайдалануға берілгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, 2016-2017 оқу жылында осы мектепті 31 түлек тәмамдап, 20 бала ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысса, олардың орта балы 89,4 пайыз көрсеткішті көрсетті. Оның 3 «Алтын белгі», 1 «Үздік аттестат» иегері атанды. Биылғы жылдың мектеп бітіруші түлектері де жоғары көрсеткіш көрсетеді деген үміттемін, – деді.
Алтын ұямен қоштасар сәт таяп, кешегі тұлымды ұл атжалын тартып, азамат болғанын, тұлымшақты қыз бой жеткенін бүгін ғана сезінгендей, көңілдері толқып, жүректері лүпілдейді. Алғаш әріп танытқан, бойларына жақсылықты дарытқан, балалығы мен шалалығын кешірген аяулы ұстаздарын қимаса да, қияға құлаш сермейді, аңсауға толы арманға қол созады. Мектеп бітірушілер бұдан кейін қоңырау олар үшін сыңғырламайтынын, мектеп партасына қайтып отырмайтынын білсе де, соның бәрін көкірегінің бір түкпіріне түйілген сырлы сағынышқа айналдырып кете бармақ. Ұстаздар он бір жыл бойы тәрбиесін шыңдаған, білімін жетілдіріп, қанаттандырған өрендерінің өздерін ешқашан ұмытпайтынына сенімді. Өйткені, бұл қайта айналып қайырыла бергің келетін, жыл сайын соңғы қоңырау соғылар күні жүрегің шымырлап, мектеп партасына жаңа отырған бала шәкірттей тебіренетін күн болып қала бермек.
Жолың болсын, жас түлек!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
28 мамыр 2018 ж. 3 549 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031