Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » қуаныш сыйлаған акция

қуаныш сыйлаған акция


Алғашқы қоңырау сыңғырының естілер уақыты да таяды. Жазғы демалыс­ты өткерген балалардың мектеп партасына қайта отыруға даярлығы басталды. Оқушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп киім үлгісінің өзіне біршама қаражат қажет. Жуырда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жариялаған республикалық «Мектепке жол» акция­сы аясында №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы оқу ғимаратында білім беру мекемелерінде жұмыс жасайтын еңбекақысы төмен қызметкерлердің мектеп жасындағы балаларына көмек көрсетілді.

Шиелі аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен шараны Рысдәулет Құдайбергенов ашып, балаларға жаңа оқу жылында зор жетістікке жетулеріне тілектестігін білдірді. 40 баланың көңіліне қуаныш ұялатқан акцияда толықтай оқу құралдарымен жабдықталған сөмкелер таратылды. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараның мақсаты – көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы балалардың білім алуына жәрдемдесу. «Кәсіподақ комитеті жыл басынан бері түрлі шараларды ұйымдастырып келеді. 17 «Алтын алқа» алған ата-аналар мен 124 баланың тынығу лагері мен санаторияларда демалуына мүмкіндіктер жасалды. Алдағы уақытта ардагерлерге де осындай жолдамалар қарастыратын боламыз» – деді, кәсіподақ басшысы.
Қайырымдылық шарасында көңілі марқайып, қолдауды сезінген ата-аналар риясыз лебіздерін білдірді. Көпбалалы ана Маржан Жорабекова: - «Бүгінгі таңда бір балаға қажетті заттардың өзіне кемінде 30-40 мың теңге көлемінде қаражат кетеді. Ал, 4-5 баласы бар ата-анаға қандай ауыртпашылық түсетіні айтпаса да белгілі. Сондықтан, аталмыш акцияны ұйымдастыру арқылы көптеген отбасына көмек қолын созып, қиын-қыстау мезетте жанымызға желеу болып отыр. Кәсіподақ комитетінің игі істеріне табыс тілеп, алғысымды білдіремін» – деп, қорытындылады сөзін.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
18 тамыз 2018 ж. 1 640 0