Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мектепке жол» акциясы аясында 300 балаға мектеп формасы табыс етілді

«Мектепке жол» акциясы аясында 300 балаға мектеп формасы табыс етілді

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде Астана қаласы әкімдігі мен Біріккен Араб Әмірліктері елшілігімен бірлесіп, бірқатар шараларды іске асыруда. «Соның бірі – еліміз бойынша жүріп жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық жобасын қолдауы», - деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Қайырымдылық іс-шарада сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын қолдағаны үшін Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктері елшілігіне алғысын білдірді. «Осы күнге дейін Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктері елшілігімен бірлесіп бірнеше жобаны жүзеге асырды. Соның бірі, өздеріңіз көріп отырған еңсесі биік білім ордасы. Осы бір игі дәстүр бүгінде жалғасын тауып, жыл сайын еліміз бойынша өтетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қолдау білдіруі. Екі елдің достығы бұдан да тереңдей береді деген ойдамын. Ал балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, үздік білім алып, жетістікке жетулеріне тілектеспін», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев. Акция аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан үш жүз балаға мектеп формасы сыйға тартылды. «Екі ел арасында және қос ел басшыларының арасындағы достық қарым-қатынастың биік деңгейде екендігін айтқым келеді. Біз алдағы уақытта да екі ел арасындағы достықты дамытуға, әсіре білім саласындағы байланысты нығайтқымыз келеді», - деді Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса Әл-Джабер. Акция аясында оқушыларға табыс етілген киім-кешектер «Алтын адам» киім фабрикасынан арнайы тапсырыспен сатып алынған. «Бүгінгі акция қайырымдылық іс-шаралардың бастамасы. Қыркүйек айының басында осы «Мектепке жол» жобасының аясында «Мектеп сөмкесі» және «Мектеп формасы» атты акцияларды ұйымдастырамыз. Біз Астана әкімдігімен тығыс байланыстамыз, мұқтаж балалардың тізімін әкімдік береді. Ал біз әр баланың қай сыныпта оқитынын, оның аяғының, жейдесінің, мектеп фомасының өлшемін алып, әр балаға шақтап, дәлдеп алып береміз және де қазақстандық өнімдерді аламыз», - деді «Ummet» қоғамдық қорының президенті Мұхаммедәмин Құрманәли. Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы басталған 10 жылдың ішінде демеушілер мен меценаттардың қолдауымен 7 млрд-тан астам қаражат көлемінде 2 млн-нан астам балаға көмек көрсетілген.

www.24.kz
30 тамыз 2018 ж. 1 394 0