Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҰСТАЗ - ҰЛЫ ЕСІМ»

«ҰСТАЗ - ҰЛЫ ЕСІМ»

«ҰСТАЗ  -  ҰЛЫ  ЕСІМ»
(архив қорындағы құжаттардан)

Дүниедегі мамандық атаулының төресі - ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы – ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік  тұрады.
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Шиелі аудандық архиві» филиалы  қорында «Ұлағатты ұстаздар» қор коллекциясында Шиелі ауданы бойынша  ұстаздар Әшім Аманжолұлы, Жәукебаева Күлжан, Тұрсынова Қалияш Дінқызының  жеке тектік құжаттары сақтауда тұр.Осы ұлағатты ұстаздарымыз қаншама  шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығарған.         
Іс-шара жоспарына сәйкес  «Ұстаздан асқан ұлық жоқ» тақырыптық-экспозициялық  онлайн көрме ұйымдастырылды.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.

Төлешова Назира Оңтайқызы,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің
«Шиелі аудандық архиві» филиалының
қойма меңгерушісі 
02 қазан 2023 ж. 230 0