Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ (архив қорындағы құжаттардан)

ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ (архив қорындағы құжаттардан)


Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді.Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін сіңіріп, тер төгеді.
Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер- тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіспен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек. Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Осыдан-ақ ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Шиелі аудандық филиалы қорында «Ұлағатты ұстаздар» қор коллекциясында Шиелі ауданы бойынша ұстаздар Әшім Аманжолұлы, Күлжан Жәукебаева, Тұрсынова Қалияш Дінқызының жеке тектік құжаттары сақтауда тұр. Осы ұлағатты ұстаздарымыз қаншама шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығарған.
Аудандық архивтің іс-шара жоспарына сәйкес Ұстаздар мерекесіне орай «Ұстаз – ұлы есім» тақырыптық-экспозициялық көрме ұйымдастырылады.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.


Назира Төлешова,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің
Шиелі аудандық филиалының қойма меңгерушісі
02 қыркүйек 2022 ж. 438 0