Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз есімі ұлықталды

Ұстаз есімі ұлықталды

Өмірде әр адам үшін мектеп табалдырығын аттағанда алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын тануға, оның сан қилы құбылысын терең ұғынуға мұрындық болып, жан дүниесіне нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілік қасиеттерге баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары сөзсіз. Одан бөлек білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандыруға сүбелі үлес қосатын ұлағатты ұстаздардың бейнесі еш ұмытылмайды, еңбегі еш ескерусіз қалмайды. Сондай тағылымды жанның бірі – Айқынбай Күзембаев.
А.Күзембаев – білім саласына 13 жылын арнаған ұлағатты ұстаз. Ол Ортақшыл, Бәйгеқұм, Телікөл ауылдық округтерінде ұстаздық қызмет атқарған. Талай шәкірттің қанатын қомдап, биікті бағындыруына себепкер болған. Кейін 1986 жылы Бала би ауылына келіп, экономист қызметін атқарады. Бұл салада да абыройымен еңбек етіп, өкшесін басып өсіп келе жатқан іні-қарындастарына үлгі көрсетеді. Ұстаз әрі экономист А.Күзембаев 1993 жылы 55 жасқа қараған шағында дүние салады. Алайда өмірі өнегеге толған жанның өзі фәни дүниеден өтсе де, артындағы ізі мәңгілік сақталып, ауылдастары және шәкірттері әлі күнге дейін еске алып отырады. Оның бір дәлелі – 13 желтоқсан күні Бала би ауылдық мәдениет үйінде өткен А.Күзембаевты еске алуға арналған шара.
Қазақ халқы ықылым заманнан ұстазын ұлықтаған емес пе? Сол секілді ұлағатты ұстаз есімін ұлықтау дәстүрі Бала би ауылында жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл да аудандық зейнеткерлер арасындағы шахматтан дәстүрлі турнир өз жалғасын тапты. Оған жеті зейнеткер қатысып, өзара бақ сынасты. Ақыл-ойдың спорты саналатын шахмат ойынында оқ бойы оза шығып, А.Тәжиев І орынды иеленді. Ал Ж.Құдайберген ІІ орынды, Ш.Әбдімомынов пен С.Сағындық ІІІ орынды қанжығасына байлады. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушыларға Күзембаевтар әулетінің демеушілігімен алғыс хат, диплом және қаржылай сыйлық табысталды.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
15 желтоқсан 2020 ж. 763 0