Бүгінгі жас ұрпақ – мемлекеттің болашағы
Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «алма піс, аузыма түс» деп жатудың өзі әбестік. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта өз елінің болашағы үшін еңбек ету әркімнің міндеті.
Алғаш әліппенің бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылысты терең түсінуге мүмкіндік беріп, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алатындығы шындық. Бүгінгі жас ұрпақ – мемлекеттің болашағы, дербес Қазақ елінің жанды бейнесі.
Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болсын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол ел жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Әрбір жастың алаңсыз, білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалған. Нұрлы болашақтың даңғыл жолында желмен жарыса ұшқан қазақ жастары текті ұлттың ұрпақтары екеніне келер күн мен атқан таң бірден-бір куәгер болмақ.
Мұғалім мамандығы барлық мамандық атаулының төресі демекші, мен де қиындығы мен қызығы мол мамандықты бала күнімнен армандаған болатынмын. Біліктілігі жоғары мұғалімдер қатарын толықтыратын жас мамандар талмай үнемі ізденіс үстінде болып, әр сабақты қызықты деңгейде, сапалы етіп өткізсе, алар шыңы алыс емес деп ойлаймын. Ең алғаш білім ошағының табалдырығын аттағанда, құдды бір бірінші сыныптың баласындай, қобалжыған күйде, ешқандай әдіс-тәсілді білмейтін, тәжірибесі жоқ жас маман едім. Өзімнің болашаққа қадам басқан сәттерімді, шәкірттеріме білім нәрін сусындатып, білім баспалдағы мектеп қабырғасынан басталатындығынан, өз іс-тәжірибемді шәкірттерімнің биік белесті бағындыратын жетістіктерінен біле аламын. Оқушының әрбір жетістігін көріп, ұстаздық салада бекер жүрмегенімді сезінемін. Себебі, бала – таза бұлақ. Бұлақтың көзін ашу – бізге жүктелген міндет.
Баланың бәрі талантты, білім алуға құштар. Алайда, олармен жұмыс істеп, білім мен ғылымға деген қызығушылығын ашып, арттыру керек. Қазіргі уақытта оқушыларым түрлі байқауда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болуда. Оған дәлел, биылғы жылдың қаңтар айында Алматы қаласында өткен «Ғұмырдария» балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйымдастырған «Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндерден және ақынның өлеңдерін оқудан халықаралық жыр-күй, ән-би байқауынан» мектебіміздің білікті ұстаздарының бірі – Қалжан Мұса 4 сынып оқушысы Жаннұр Ыдырыспен республикалық мүшәйраға қатысып І орынмен оралса, бастауыш сынып майталманы Динара Кетеп «Мұқағали Мақатаев – поэзия тұлпары» атты республикалық мүшәйрада жүлделі орынды иеленді. 6 сынып оқушысы Аяжан Ерғали І орынмен, 2 сынып оқушысы Әлдина Ерғали бас жүлдемен оралды. Біздің мектебіміз үшін биылғы жыл осындай жетістіктер мен толағай табыстарға толы жыл болды. Білім саласынан да, спорт саласынан да жан-жақты ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеп жатқан ұстаздарымызға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Мәртебелеріңіз арта берсін!
Мақпал Ахметова,
№159 «Еңбекші» қазақ орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі