Еңбекпен жазылған өмірбаян
Үлкендермен отыра қалсаңыз «Үлкен бастар, кіші қостар», «Еңбек ет те, міндет ет», «Ырыс алды – ынтымақ», «Жігіттің түсін айтпа, ісін айт» деп мақалдай жөнеледі. Өмір шіркін осынысымен қызық. Көпшілік арасында айналасына саялы ағаштай көлеңкесін түсіріп жүретін адамдар болады. Олардың көкірегі ояу, ниеті таза, жүрегі жылы, пейілі кең, қолынан тек қана жақсылық келетін білімді, сабырлы, салмақты, жан-жақты, ұйымдастырушылық, біліктілік қабілеті орасан болып келеді. Іскерлігімен танылып жүрген жаны жайсаң жақсылар арасынан «Әркім сүйгеніне сәлем береді» демекші, өмірбаяны еңбекпен жазылған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шиелі өңірінің тумасы, жоғарыда аталған алуан қасиеттердің иесі, №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі, қарапайым, ізденімпаз басшы Серік Әбішұлына арнайы сәлем бергенді жөн көрдік. Өйткені аймақ ардагерлерінің төрағасы жетпіс бестің желкенін керіп, сексен жастың сенгіріне секіріп жатқаны аян болды. Жүріп өткен жолдары тәлім-тәрбиеге толы, өмірі жастарға өнеге ел ағасының ғажайып ғұмыры кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Қараша айының қақаған суығында өмірге келіп, әлемнің жылуын бойына сіңіріп алған Серік Әбішұлын туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз. «Қуана білмегенге құт қонбайды» дейді қазақ, ендеше неге бірге қуанбасқа?!
Қызылорда облысының ардагерлер ұйымына алғаш Марат Когут төраға болса, одан кейін Елеу Көшербаев, Камал Бердаулетов, Сейілбек Шаухаманов төрағалық етсе, парасатты азамат, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Серік Дүйсенбаев кереметтей басқаруда.
Бір данышпан айтқан екен, үш адамды жақсы көр деп. Бірінші, сені туғанды. Екінші, сенен туғанды. Үшінші, сен үшін туғанды. Сондай-ақ С.Әбішұлы халық үшін, қарттар үшін, ардагерлер үшін туғандай. «Асығы алшысынан түскен адам, көркем мінезді жан» дегендей, облыс ардагерлерін аузына қаратып отырған төрағаны құрмет тұтамыз. Асыра сілтеу емес, «Ақыл мен білім төбеңді көкке жеткізеді» деген даналықтың дидары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды бесінші отырысы тарихи миссиясы айрықша мазмұнға ие алқалы жиын болды. Президенттің бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық реформа Қызылорда қаласынан қанат қаққандай. Ел тарихындағы маңызды шешімдер Сыр елінде қабылданғанына қуандық. Ата Заңымыз аясында ардагерлерге аянбай қызмет ету, оларға әлеуметтік қамқорлық жасау басты міндетіміз болып саналады. Ардагерлер қызметінің негізгі міндеті болып табылатын қарттарды әлеуметтік қорғау, моральдық және материалдық қолдау жөніндегі жұмыс облыс көлемінде дұрыс жолға қойылып, қарқынды даму үстінде. Айтуымыз керек, С.Әбішұлы алқа жиналысын өткізу тәсілін шебер меңгерген. Баяндама жасаушы да, сұрақ қоюшы алқа мүшелері де, тыңдармандар да үнсіз табысып, төраға өзіне қойылған сұрақтарға да қысқа-нұсқа жауап беріп, еңбек ардагерлерінің рөлін көтермелеп отырады. Облыс басшылары қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілістері салтанатты мерекелік жиындай жинақы әрі мәнді, мазмұнды, ризашылық төркінінде өтіп жатады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өңір ардагерлеріне құрмет көрсету шаралары жиі өткізіледі. Төраға аудандарды аралап 70-ке, 80-ге, 90-ға, 100-ге толған қарттарды мерейтойларымен құттықтап, мақтау грамоталарын беріп, иықтарына шапан жауып, қамзол кигізіп, ақ орамал салып, еңбек адамдарына қуаныш сыйлауды дәстүрге айналдырған. Осындай тағылымы мол кездесулер мен ізгі шаралардың негізгі бағыты – ел дамуына еңбек сіңірген ардагерлерге құрмет білдіру, олардың қоғамдағы орнын насихаттау, кейінгі ұрпаққа өнеге ету. Облыстық ардагерлер ұйымы әрқашан ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудағы және өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңесінің жастар тәрбиесіндегі маңызын насихаттап, зейнеткерлерге тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
Серік Әбішұлының басшылығымен Сыр бойы ардагерлері Мерке, Сарыағаш, Жаңақорған санаториясында демалып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кесенесіне мінәжаттап, Абай еліне, Семей өңіріне, өзге де тарихи орындарға саяхаттап қайтты. Талсуаттағы 150 орындық, ардагерлер үйі жанындағы 50 орындық, ардагерлер үйі жанындағы 50 орындық сауықтыру және оңалту орталықтарына әкімшілік тарапынан әлеуметтік қолдау үнемі көрсетілуде. Сонымен қатар ардагерлер арасында спорт түрлерінен жарыстар, шешендік өнер мен ән байқаулары, басқа түрлі сайыстар ұйымдастырылып, оның жеңімпаздарын марапаттау жарасымды жалғасын табуда. Аймақта «Іскерлік және жанашырлық» пилоттық жобасы аясында бірқатар іс атқарылуда. Ал «Дәнекер» жобасы бойынша ұлттық дәстүрлерді насихаттау, жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу, медиацияны дамыту, дауларды бітімгершілікпен шешу бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында үлкендер қауымы қоршаған ортаны қорғау, көшет отырғызу, көшелерді тазалау, саябақтарды ретке келтіру жұмыстарына белсене араласып келе жатыр. Облыстық ардагерлер тарапынан ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар тұрақты түрде атқарылуда. Бұл жұмыстар жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіріп, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағыт алуда. Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысын орталық кеңес төрағасының орынбасары, халықаралық педагогикалық ғылымдар академиясынын академигі Өмірзақ Озғанбаев облысқа іс-сапармен келгенде жоғары бағалап, «отличник» деп кеткен еді. Сол баға әлі тұр, өзгерген жоқ.
Дүйсенбаев Серік Әбішұлы 1951 жылы 6 қарашада Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 1959 жылы Шиелі кентіндегі №47 М.В.Ломоносов атындағы орта мектепті 1969 жылы үздік бітіріп, сол жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына түсіп, инженер-механик мамандығы бойынша аяқтап, Қызылорда әкімдері өндірістік бірлестігіне жолдама алады. Бұл мекемеде инжинер-механик, бас механик, директордың орынбасары, бас инженер қызметтерін атқарды. 1986-1996 жылдар аралығында Қызылорда нан өндірістік бірлестігіне бас директор болып қызмет атқарады. 1996-2002 жылдар аралығында «Ел ырысы» ЖШС директоры, 2002-2005 жылдары Қызылорда ауданаралық жылу орталығы АҚ президенті, 2007-2008 жылдары қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, 2008-2013 жылдар аралығында Қосышыңырау ауылдық округі әкімі қызметін абыройлы атқарған. 2007-2009 жылдары өз білімін жетілдіру мақсатында Қызылорда гуманитарлық университетін сырттай оқып, «Қаржыгер» мамандығын алады. 2013-2018 жылдары қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің бастығы болды. Сонымен қатар 2016 жылдың 10 ақпанында құрылған қалалық қоғамдық кеңес құрамына мүше болып, 2017 жылдан бастап 2026 жылғы қаңтарға дейін қалалық Қоғамдық кеңеске жетекшілік жасайды. 2018 жылдың 23 қазанынан бастап облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне сайланып, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келеді.
2008 жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерең еңбегі үшін» медалімен, 2020 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің төсбелгісімен 2015 жылы облыс және қала әкімінің құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл, 20 жыл және 30 жыл толуына орай, Астана қаласының 20 жылдық және Қазақстан Республикасының Конститутциясының 25 жылдық мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы мәслихатына 30 жыл мерекелік медалімен марапатталған. С.Дүйсенбаевтың қажырлы еңбегі бағаланып, 2025 жылы «Парасат» орденін кеудесіне тақты. С.Әбішұлы Қызылорда облысының, Қызылорда қаласының және Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атақтарын алған. Сондай-ақ Қызылорда қалалық мәслихатының 1-ші және 3-ші шақырылымының депутаты болып сайланған құрметті де мәртебелі ардагер.
Сәкең жұбайы Сәрсен екеуі 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған киелі шаңырақтың отағасы. Облыс ардагерлерінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың ғибратқа толы ғұмыры – адал еңбек пен азаматтықтың адамгершіліктің жарқын шежіресі. Оның ел игілігі жолындағы еңбегі мен өнегелі өмір жолы биіктей түсіп, ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бұл еңбекпен жазылған өмірбаян шиеліліктердің мақтанышы болып қала береді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлына!
Үлкендерді құрметтеу,
Әдет-ғұрып салтымыз.
Қарты бар ел – қазыналы,
Деп отырар халқымыз.
Қызылорданың ыстық бізге,
Жері, суы, жар-тасы.
Ынтымақ-бірлік орнаса,
Төрағаның арқасы.
Шаухамановтың ақ жолын,
Келеді Сәкең шаңдатпай.
Ардагерлерді ардақты,
Қуантып жатад(ы) таң атпай.
Алға бастап қарттарын,
Шаттыққа бөлеп жүргені.
Дем беріп жұртқа жатқандай,
Көп ізденіп білгені.
Құтты болсын мереке,
Қазандағы қарттарым!
Аянбай еңбек еттіңдер,
Тарихта қалар аттарың.
Тәуелсіз қазақ елімнің,
Шаң шалмасын шашасын.
Иесі байтақ жерімнің,
Ардагерлер жасасын!
Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шиелі ауданының
құрметті азаматы
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шиелі ауданының
құрметті азаматы






