«Наурыз шапағаты» Шиеліде
Аптаның бейсенбі күні Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен жастар жылы қарсаңында дәстүрлі «Наурыз шапағаты - 2019» фестивалі өтті. Мұғалімдер арасындағы сайысқа ұстаздардан бөлек, балалар әуез мектебінің және «Айналайын» бөбекжай-бақшасының оқытушылары қатысты.
Аталмыш шарада аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов пен ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші-ұстаз Қ.Ақдәулетова тұрғындарды амал мерекесімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының «Халықтар достығы» биімен ашылды. Одан соң №50 Абай атындағы мектептің қызметкерлері хор орындады. Қатысушылардың арасында ұлттық ән мен биден бөлек, өзге ұлттың өнерін көрсеткендер де болды. Олардың арасынан №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейдің бишілері орындаған «Иван Купала» биі және №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейдің бишілері орындаған «Корей биі» ерекше көзге түсті.
«Наурыз шапағаты» фестивалінің көшпелі іріктеу кезеңінде бақ сынап, өнер көрсеткендердің арасынан №50 Абай атындағы мектептің жастар хоры, №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейі мен №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі және «Funiculi,funicula» италиялық классикалық әнін орындаған балалар әуез мектебінің мұғалімдері Д.Беркінбаев, А.Қасымхан, С.Байсеңгіров облысқа жолдама алды. Сондай-ақ, «Сырлы саз» ансамблі де Н.Мизамбаевтың әнін облыс сахнасында сүйемелдейтін болады.
Қатысушылардың өнерін бағалап, өз пікірін білдірген білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрайымы Р.Байназарова облыстық іріктеуге өткен өнерпаздарға ерекше ықыласын жолдады. Сонымен бірге, №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектептің басшысына және ұжымына ұйымдастырушылық қабілеті мен әр сайысқа ынталы қатысатыны үшін алғыс айтты.
Фестивальге қатысқан барлық білім қызметкерлеріне Шиелі аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің атынан бағалы сыйлықтар мен құрмет грамоталары табысталды. Ал, наурыз айының 28 жұлдызында облысқа жолдама алған жеңімпаздар Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театрында өзге аудандармен бақ сынасатын болады.
М.БОЛАТҚЫЗЫ.