Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағы
Болашақ тұлғаның денсаулығы мықты, мүсін тұлғасы дұрыс қалыптасқан, жігерлі де қайратты болып өсуіне, көпшілік дағдыларын бойына терең сіңіруіне нақ осы мектепке дейінгі кезеңде тереңірек көңіл бөлінсе, дұрыс негіз қаланады.
Қазақтың кемеңгер ақыны, ұлтының бақыты үшін өз бойындағы бар дарыны мен білгенін аямай, дене тәрбиесіне зор көңіл бөлген Мағжан Жұмабаев: «Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Дене жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі заты берік болмақ. Дене жанның құралы. Құралы мықты болса, иесі де мықты. Сау жан – денеде ғана болады» – деген. Сондықтан да, бүлдіршіндер ағзасының қызметін жетілдіру, денсаулығын жақсарту, жүйкенің жұмысын дұрыс қалыптастырып, сымбатты етіп өсіру, міне, осының барлығын ғылыми негізде тәрбиенің басқа түрлерімен ұштастыра жүргізу – балабақшалардың негізгі мақсаты мен алға қойған үлкен міндетінің бірі. Сол тәрбие мен білімді ұтымды ұштастырып, бөбектерге тәлім-тәрбие беруде «Айсұлу-Ұ» бөбекжайының орны бір бөлек. Аталмыш балабақшада әрбір балдырған мен тәрбиешінің жағдайын жіті назарда ұстайды. Білікті басшы басқарып отырған ұжым қызметкерлері ұрпақ тәрбиесіне байланысты түрлі бәйгелерде білігі мен өнерінің арқасында дараланып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, таяуда ғана «Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағы» атты аймақтық балабақшалар арасында семинар өтті. Әртүрлі тапсырмалар бойынша үздіктер дараланып, баяндамалар оқылып, қатысушылар белсенділік танытты. Еселі еңбегі еленіп, елінің ертеңі балалардың болашағын жарқын ететін үздіктер қатарын толықтыру балабақшалар үшін емес, баршамыз үшін де жеңіс.
Бақытжан Бәйімбет.