Бөбектің бабын тапқан тәрбиеші
«Сүйер ұлың болса сүй, сүйенерің болар ол» деген даналық сөзді жаныма серік етіп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіндердің бірімін. Отбасынан алған өнегесі балалардың өмірлік азығы болса, бөбекжай мен мектеп қабырғасындағы ғылым-білімі жарқын болашақтың кепілі.
Сол тәрбие мен білімді ұтымды ұштастырып, бөбектерге тәлім-тәрбие беруде «Жөлек» бөбекжайының орыны бір бөлек. Аталмыш бөбекжайдың басшысы Гүлнұр Жолдыбайқызы әрбір балдырған мен тәрбиешінің жағдайын жіті назарда ұстайды. Білікті басшы басқарып отырған ұжым қызметкерлері ұрпақ тәрбиесіне байланысты түрлі бәйгелерде білігі мен өнерінің арқасында дараланып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, «Жөлек» бөбекжайының тәрбиешісі Айнұр Рыспамбетова таяуда ғана «Үздік мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісі» атты облыстық байқауда ауданмен ауылдың абыройын асқақтатып, тәжірибелі маман екенін дәлелдей білді. Сонымен қатар, «Үздік тәрбиеші» номинациясына ие болғанынан да хабардармыз. Еселі еңбегі еленіп, елінің ертеңі балалардың болашағын жарқын ететін үздіктер қатарын толықтыру тек Айнұр үшін емес, баршамыз үшін де жеңіс.
Б.ҚҰРМАНАЕВА,
штаттан тыс тілші.