Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЙЫЛҒАН ТӘРТІП

ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЙЫЛҒАН ТӘРТІП

«Қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баланың тәрбиесіне ерекше назар аударған текті халықтың ұрпағымыз. Қыз тәрбиесі ұлттың тәрбиесі екені тағы бар. Қылықты қыздарымыз «былықты» қыздарға айналып бара жатқан жоқ па бүгінде? Үлкеннің сөзін де, алдын да кеспеген қаракөздеріміздің кейбірі қай кезде қасиетінен айырылып үлгерді? Ұлттың ұяты болған кешегі Қыз Жібектер неліктен жәй Жібекке айналып барады деген сансыз сұрақтардың жауа­бын кім айтар? Әңгіме ауаны осы төңіректе...
Кеше ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойған қазақ шарананы құрсақтан тәрбиелеп, ата салтын бойына сіңіруді сол сәттен бастаған. Бүгінгі қызды ибалы келін, абзал ана деп тәрбиелей білді. Қырық үйден тиылған тәртіпті еркелете отырып, иба, инабат пен ар-намысты алдыңғы орынға қоятын ару етіп қалыптастырған-ды. Шолпысы мен шашбауын тастамаған кешегі бұрымдылардың тәрбиешісі – анасы. Сырт келбетін сұқтанған көздер мен былапыт сөздерден сақтап, ұзын етекпен жапқан есті қыздар тал бесіктен алған тәрбиенің ығынан шықпады. Қызының алдында әкесін асқар тау ете білген ақылгөй аналарымыз қызы бойжетіп бір шаңырақтың оң жағын қызартқанда отағасының айтқанын екі етпей, оның қадір-қасиетін ұл-қызының алдында да арттырарын ойлады емес пе?
Халқымыздың ақ некені аттамауды талап ететін әдемі бір салты бар. Осы бір салтты баршамыз көрген «Қыз Жібек» фильмінің бір эпизодынан да көресіз. Некесі қиылмаған Жібек пен Төлегенді отауға кіргізген жеңгелері орталарына белдік қойған еді. Осы салттан аттамаған әрбір қыз бала әдептілік ауылынан алыстамаған. Қыздың намысы тек отбасының емес, ауылдың, бүкіл бір рулы елдің намысы екенін саналарға сіңдіре білді. Қазақ қызы осындай тәлім алып, отбасының ұйытқысы бола білді.
Ал, бүгінгі қыздарымыз қылы­ғымен құмарта алмай келеді. Кешегі бұрымы белден түскен аналарымыздың бүгінгі сіңілілері желкеден де асырмайтын болып барады. Кең етек көйлек кигенді көзіміз сирек ұшырастырады. Оң жақта отырып-ақ бойына бала бітіп, «дайын келін» болып баратындарға етіміз үйреніп те қалды. Тәрбиені тал бесікте емес, тал түсте де бере алмай кеш қалып жатыр бүгінгі қоғам. Өзгерген заман ба? Әлде адамдардың пиғылы мен іс-әрекеті ме? Кешегі қыздар сұқтанған сырт көзге көрінбеуге тырысса, бүгінгі қыздар күн көзін көре алмай қалды. Кеш бата қыдыра шығып, таң ата оралған сол қыздар күн көзін қайдан көреді дерсіз. Жүзінен ұяты төгіліп тұратын қазақ қызы бүгінде ешкімнен қымсынбайтын болды. Ертеңгі тағдырына бүгін балта шауып жатқан бүгінгі бойжеткен, ертеңгі ел аналарының тәрбиесі текті халықтың ұяты екенін әсте естен шығармауға тиіспіз. «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастаңғышыл келеді» деген сөзді ұстанған кешегі аналарымыз берген тәрбиені санаға сіңірген қыз бала шалыс баспайды, ұлттың ұятына таңба болмайды. Ар-намысымыздың айнасы болған бұрымдыларымыздың тәрбиесіне ата-ана баса назар аударып, жіті қадағалағаны жөн. Өмірді бір-біріне жалғап тұрар тіршіліктің күре­тамыры – аруларымыз адаспасын. Қарға тамырлы қазақ қыздары қасиетінен айрылмаса дегеннен туған ой еді біздікі...

Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.
13 қаңтар 2018 ж. 1 668 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031