ЖӨЛЕКТІҢ ЖАҢАРҒАН КЕЛБЕТІ
Қуатты экономиканың алтын тамыры ауылдан нәр алады. Ауыл-аймақтағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін жақсартып, жұмыстарды жүйелі жүзеге асырып, тұрғындардың талап-тілегін орындау – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын.Президент пәрмені Шиелі ауданына қарасты ауылдарда тиісінше орындалып, тұрғындар нақты істің куәсі болуда. Сондай нәтижелі іс биыл Жөлек ауылдық округінде де жүрді. Берекелі ауылда атқарылған ауқымды істің бірі – ауылдық округтің кіреберісіне орнатылған заманауи үлгідегі арка. Ел игілігіне пайдалануға берілген бұл нысан «Qaz-Project Stroy» ЖШС тарапынан жүргізіліп, құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сай сапалы орындалған. Сонымен қатар арканың айналасын абаттандыру, көгалдандыру және көркейту жұмыстары жүргізіліп, арнайы демалыс орны мен ауыл паспорты жаңа да көркем сәулетпен жасалынған. Жақында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ауыл халқымен есеп беру жиынын өткізген соң тұрғындармен бірге жаңадан бой көтерген нысанмен танысты. Жаңа арка ауылдың сәулеттік келбетін айшықтап, елді мекеннің ажарын аша түсті. Аудан әкімі атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген азаматтарға ризашылығын білдірді. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Айта кетейік, Жөлек – Шиелі ауданының ғана емес, бүкіл Сыр бойының тарихына терең тамыр жайған киелі мекен. Тамыры ХІV ғасырдың 1815 жылы Ұлы жібек жолының бойында, ежелгі сауда керуендерінің ізі қалған жол үстінде орналасқан. Ел аузындағы аңыз бойынша, дарияны жағалай өткен жолдың бойында орналасқандықтан алғашында «Жолиек», кейін «Джолиек», «Джулиек» аталып, уақыт өте келе «Жөлек» атауына айналған. Осылайша, ауыл атауының түп-төркіні «Жол жиегі» деген мағына береді.
Мейіржан ИБРАГИМ







