ХАЛЫҚ СӨЗІ – НАЗАРДА
Ауданда халықпен тұрақты диалог орнату, тұрғындардың өтініштілегін дер кезінде тыңдап, оның орындалуын тікелей бақылауға алу – жергілікті басқарудың басты тетігіне айналды. Осы бағыттағы жоспарлы жұмыстың бірі ретінде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Алмалы, Ақтоған және Телікөл, Иіркөл, Жаңатұрмыс, Бәйтерек ауылдық округтерінде есепті кездесулер өткізіп, ауылдардың даму қарқынын, атқарылған жұмыстарды және алдағы міндеттерді кеңінен баяндады. Әкім өз баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметтің және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ауданда жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларды атап өтті. Бұл қолдау ауылдардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, инфрақұрылымды жаңартуға және жаңа бастамаларды іске асыруға айтарлықтай серпін беріп отырғанын жеткізді.Алмалы – жарығы жанып, газы жеткен ауыл
Алмалы ауылдық округіндегі кездесуде әкім тұрғындарға биыл атқарылған негізгі жұмыстарды айтты. Ауылдың 1, 2, 3, 4, 5-кварталдарында көше жарық шамдары орнатылып, елді мекеннің ішкі инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Түнгі қауіпсіздік күшейіп, ауыл көшелерінің келбеті өзгерді. Сонымен бірге 21-бекет елді мекеніне көгілдір отын тарту жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Көп жылдан бергі тұрғындар арманының орындалып жатқанын әкім атап өтіп, ауылдың әлеуметтік жағдайын жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді. Кездесуде тұрғындар жол жөндеу, ауыз су, абаттандыру мәселелерін көтеріп, әкім барлық сұраққа нақты жауап берді. Әр көтерілген ұсыныс тиісті сала басшыларына тапсырма ретінде жүктелді.
Ақтоған: жаңа спорт кешені, жарықтанған көшелер
Ақтоғандағы кездесу де жемісті өтті. Ауылда биыл ерекше әлеуметтік жобалар жүзеге асқан. Соның ішінде ең елеулісі – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынған заманауи спорт кешені. Жыл басында пайдалануға берілген бұл нысан ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндік беріп, спорттық өмірдің жаңа кезеңін бастады. Ауылдың Д.Шыныбеков, П.Қалышев, А.Иманов көшелеріне жарық шамдары орнатылып, инфрақұрылымның жақсаруы тұрғындарға оң әсерін тигізуде. Кездесуде ауыл тұрғындары жол, қоғамдық қызметтер және абаттандыру бағытында ұсыныстарын жеткізді. Әкім бұл мәселелерді де назарға алды.
Жолдың жайы жақсарған
Әрі қарай кездесу Телікөл ауылдық округінде жалғасты. Бұған дейін тұрғындар бірнеше рет көтерген жол мәселесі бойынша жұмыстар жасалып, маңызды көшелерге толыққанды күрделі жөндеу жүргізілді. Қаратау, Қышқұдық, Жуантөбе, Сейхун, Қ.Мұңайтпасов көшелері жаңартылып, ауылішілік қозғалыс жақсарып, тұрғындар тұрмысына қолайлы жағдай жасалды. Жиында аудан басшысы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалықберген Ыбырайұлын 75 жасқа толуына орай ауданның ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасымен» марапаттап, иығына шапан жапты. Бұл – ауыл ақсақалына көрсетілген зор құрмет, ауыл руханиятына деген назар. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың барлығына әкім жеке-жеке тоқталып, көтерілген мәселелерді сала басшыларына орындауға тапсырды.
Елдің игілігі үшін – әр әрекет маңызды
Келесі бағытымыз – Иіркөл ауылдық округі болды. Алдымен аудан басшысы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың басына барып, құран бағыштап елдің игілігі үшін дұға етті. Аталған рәсім ауыл тұрғындары үшін айрықша мәнге ие: өткенге құрмет, болашаққа сенім. Содан кейін әкім лық толы ауылдық клуб залында тұрғындармен кездесті. Әрбір көздегі үміт, әрбір жүздегі шырай – ауылдың рухын сездірумен қатар, кездесудің маңызды екендігін көрсетті. Басқосу барысында әкім атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Қойылған әр ұсыныс тиісті сала басшыларына тапсырма ретінде жолданды. Ал мұндай сәт – ауылдың әлеуметтік дамуы үшін маңызды қадам екенін көрсетті.
Жаңатұрмыс: ннфрақұрылым мен тұрғындар тіршілігі
Жаңатұрмыс ауылында аудан әкімі т ұ р ғ ы н д а р м е н к е з д е с і п , а у ы л д ы ң инфрақұрылымдық жағдайын жан-жақты талқылады. Ауыл тұрғындары ең алдымен электр желілері мен жарықтандыру мәселесін көтерді: кей көшелерде жарық жеткіліксіз, түнгі қауіпсіздікке қауіп төнеді. Аудан әкімі бұл мәселелердің шешілуі үшін нақты іс-қимыл жоспары жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар әкім тұрғындарға ауылдың әлеуметтік даму бағдарламалары аясында қолға алынған жобалар мен келесі кезеңде жүзеге асырылатын бастамалар туралы мәлімет берді. Кездесуде тұрғындар өз пікірлерін ашық айтты, ауылдың күнделікті тұрмысын жақсартуға қатысты нақты ұсыныстарын жеткізді. Бір тұрғын: «Жарық, жол, ауыз су – бәрі де ауылымыздың тіршілігі үшін маңызды. Әр мәселе бойынша жауапкершілікпен қаралатынын көргенімізге қуаныштымыз», – деп ойын білдірді. Аудан әкімі әр ұсынысты мұқият тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, орындалуын өз бақылауына алды.
Тұрғындар үнін тыңдады
Бәйтерек ауылында да аудан әкімі тұрғындармен кездесіп, ауылдың әлеуметтіктұрмыстық жағдайын жан-жақты талқылады. Лық толы залда әрбір тұрғын өз ойын ашық айтты, ал әкім әр сұраққа нақты жауап берді. Тұрғындар жол, жарық, ауыз су және абаттандыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар соңғы уақытта ұрлық және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтарын білдіріп, бұл мәселелердің шешілуін сұрады. Аудан әкімі тұрғындардың ұсыныстарын мұқият тыңдады. Әр мәселе бойынша іс-қимыл жоспары жасалып, орындалуы қатаң бақылауға алынады. Сондай-ақ әкім ауылдың әлеуметтік даму бағдарламалары бойынша жүзеге асырылатын жобалар мен жоспарларды таныстырды, тұрғындардың сенімін арттыруға бағытталған нақты шараларды атады. Кездесу соңында ауылдың ардагер, ақсақалы: – Бізді тыңдап, әр мәселені жеке қарауыңыз – үлкен сенім мен құрметтің белгісі. Енді ауылымыздың дамуы мен қауіпсіздігі нақты іс-қимылмен қамтамасыз етілетініне сенеміз, – деді. Бұл кездесу – тұрғындардың үніне құлақ асу, нақты шешім қабылдау және ауылдағы сенім мен ынтымақтастықты нығайту жолында атқарылған маңызды қадам болды. Аудан басшысы А.Насриддинұлы алты ауылдық округте өткізген есепті кездесулері – халықпен тікелей диалог орнатудың маңызды үлгісі болды. Жарық, жол, ауыз су, абаттандырудан бастап, қоғамдық қауіпсіздік пен ұрлыққа қатысты сұрақтар қаралды. Жарықтанған көшелер, жөнделген жолдар, жаңа спорт кешені мен жаңартылған инфрақұрылым – ауылдардағы өзгерістердің көзге көрінетін нәтижесі. Тұрғындар өз ойларын ашық жеткізіп, билік әрекеттеріне сенім артып, ауылдың дамуына үлес қосуға мүмкіндік алды. Қорыта айтқанда, кездесулердің басты мәні – халық үніне құлақ асып, ұсыныстарға назар аудару арқылы ауылдың әлеуметтік дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету. Әр қадам халық игілігіне бағытталған, ал сенім мен ынтымақтастық – ауыл дамуының басты кепілі.
Айнұр МАҚСҰТҚЫЗЫ







