БЕРІЛГЕН УӘДЕ, АЙТЫЛҒАН СӨЗ ОРЫНДАЛДЫ МА?

СҰЛУТӨБЕДЕГІ БАЙЫПТЫ ТІРЛІК
Хош. Тамыз айында аудан әкімі Нұржан Ахатов барша кент және ауыл тұрғындарымен кездесіп, есеп берген болатын. Сол есептік кездесуде біраз тұрғындардың мұң-мұқтажы тыңдалды, сәйкесінше ескерілді. Тамыз айында айтылған сөздер мен берілген уәделер қаншалықты орындалды? Көтерілген мәселелер шешімін тапты ма? Аудан әкімі Нұржан Ахатов Сұлутөбе ауылдық округінің тұрғындарымен ІV тоқсандағы халықпен кездесу есебін өткізген болатын. Кездесу барысында әкім аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды және алдағы жоспарларды жып-жинақы етіп айтып шықты. Содан кейін дәстүрге сай сұрақ-жауап кезеңіне өтті. Сұрақтардың ауаны да айқын. Олар: ескі мектеп мәселесі, ауылдарды мейлінше абаттандыру, ұры-қарыларға тосқауыл қою, тозығы жеткен трансформаторлар тағысын тағы. Сонымен Сұлутөбедегі 24 көшенің 12-сі асфальтталған. 7 көшеге жарық жүргізілген. Бірақ ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселе де жоқ емес. Кездесуде Жаназар батыр ауылының тұрғыны Жолдасбек Ембергенов біраз мәселелені көтерді. Ауылдағы ескі мектеп жөнделсе, спорт мектебінің филиалы ашылса деген арман-тілегін жеткізді. Жоғарыда аталған ауылдың тұрғыны Перузхан Әлібаев ауылда үйлер арзан екенін айтты. Аудан әкімі оған учасковый табылса, сондай арзан үйді алып беруді тілге тиек етті. Ал Сұлутөбе ауылына қарасты Бірінші май ауылына абаттандыру, тал егу жұмыстары жүргізіліп, сәйкесінше қоршалса деген ұсыныс та айтылды. Ауылда мал ұрлығына тосқауыл болмай тұрғандығын жасыруға келмес. Қала берді жауын жауса болды жарық өшетіні тағы бар. Ауыл тарапынан айтылған бұл ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді аудан әкімі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырған болатын. Соған орай аудан әкімі жоғарыда өзге де елді мекендерде болып, тұрғындармен тілдесті. Халықтың талап тілектерін тыңдады. Тұрғындар сауалына жауап берді.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ