Енді әкім халқын іздейді

Енді әкіммен тілдесу үшін ұзын-сонар кезекке тұрып, әкімдік маңын жағалаудың қажеті жоқ. Жаңа Жарлыққа сай облыс және республикалық маңызға ие қалалардың әкімдері әр 6 ай сайын халыққа атқарылған жұмыстың есебін беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелермен жақын танысуға міндетті. Әрі мұндай жиындар көшпелі форматқа ие болып, өңірдегі барлық аудандар мен қалаларды қамтуы керек. Алып шаһардың әкімдері де аудан тұрғындарымен тоқсанына бір рет дидарласады. Одан бөлек халық күнтізбеден тыс кездесулер ұйымдастыруды да талап ете алады. Яғни, бұл халық пен билік арасындағы алшақтықты азайтпақ. «Халық үніне құлақ түретін» мемлекет қалыптастырудағы нақты қадам десек те болады.
Айтпақшы, Жарлықта әкімнің халықпен кездесуіне қатысушылардың аудиториясына байланысты да нақты нұсқау бар. Алдағы уақытта есепті басқосуларда залды бұрынғыдай басшының әр сөзіне бас шұлғып отыратын мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері ғана толтырмайды. Аудиторияның негізгі бөлігін мәслихат депутаттары, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен оппозиция өкілдері құрайды. Сондай-ақ, бұрынғыдай ұзын-сонар баяндама оқылмайды. Тек нақты атқарылған жұмыстар көрсетіліп, сұрақ-жауапқа басымдық берілетін болады.
Жаңа Жарлық бұқаралық ақпарат құралдарын да назардан тыс қалдырмады. Ұйымдастырылатын кездесулер алдын ала газет беттерінде жарияланып, халық құлағдар болуы қажет. Қоғамдағы кез келген қадам көпшіліктің назарынан қалыс қалмайтыны белгілі. Ендеше «халықтан асқан сыншы жоқ» деудің мағынасын осыдан іздеген жөн.
Г.Әбдіханиқызы