ҚАЛТАНЫ ҚАҒАР ҚЫРКҮЙЕК

Тамыз айының соңында Ұлттық статистика бюросы көңілге қаяу түсірер дерек жариялады. Еліміздегі жылдық инфляция 12,2 пайызға жеткен. Бұл – өткен айға қарағанда жоғары көрсеткіш. Бір ғана тамыздың өзінде баға 1 пайызға өсіп үлгерген. Қымбатшылықтың негізгі көзі – азық-түлік пен қызмет көрсету секторлары.
Базарға барсаңыз, қанттың бағасы қол жетпес деңгейге көтерілгенін көресіз. Ұн, ет, сүт өнімдері де күн сайын қымбаттап келеді. Бір айдың ішінде негізгі өнімдер 2–3 пайызға қымбаттаған, ал жылдық өсім 11,7 пайызға жетті.
Қыркүйектің басталуы – қуанышпен бірге уайым әкеледі. Бір ғана баланы мектепке дайындау үшін ата-аналар 60-80 мың теңге жұмсайды. Мектеп формасы былтырғыға қарағанда 15 пайызға қымбаттап кеткен. Оқу құралдарының бағасы да қалтаға салмақ түсіреді.
Дизель отынының бағасы 290 теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы үшін ауыр соққы болды. Диқандар техникасын жүргізу үшін шығындарын арттырса, бұл шығын азық-түлік бағасына да тікелей әсер етеді. Бензиннің өзі 244-245 теңгеден сатылып жатыр.
СЕБЕБІ НЕДЕ?
Қазақстан кей тауарларды өзінде өндірсе де, көптеген өнімді шетелден әкелуге мәжбүр. Сыртта баға көтерілсе, ол бізге де бірден әсер етеді. Қант пен жеміс-жидектің қымбаттауы – соның айқын мысалы.
Дизельсіз егін жиналмайды, жүк көлігі жүрмейді. Оның бағасы көтерілсе, бүкіл нарыққа қосымша қысым түседі. Осыған байланысты Энергетика министрлігі дизель бағасын уақытша шектеу мәселесін қарастырып жатыр.
Ауылдан қалаға өнім жеткізу жолдары тиімсіз, қоймалар жетіспейді. Бұл логистикалық мәселелер өнімнің соңғы бағасын қымбаттататын басты факторлардың бірі.
ҮКІМЕТ ҚАДАМЫ
Қымбатшылықты тоқтату үшін мемлекет бірнеше шара қабылдауда. Олар: әлеуметтік дүкендерде негізгі тауарларды төмен бағамен сату, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек беру, дизель бағасын реттеу және фермерлерге жеңілдетілген несие ұсыну және импорттық өнімдерге салықтық жеңілдіктер жасау.
Ұлттық банк те қарап отырған жоқ. Базалық мөлшерлеме 16,5 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Бұл шешім нарықтағы артық ақша ағынын азайтып, инфляцияны тежеуге бағытталғанымен, несие алу қымбаттап, бизнеске ауыртпалық түсіреді.
АЛДА НЕ КҮТІП ТҰР?
Сарапшылардың болжауынша, жыл соңына дейін қымбатшылықтың қарқыны бәсеңдеуі мүмкін, бірақ толық тұрақтану 2026 жылдың басында ғана байқалады. Бұл үшін үкімет, Ұлттық банк және бизнес өкілдері бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Қымбатшылық – тек экономикалық мәселе емес, бұл халықтың төзімділігі мен үкіметтің қабілетін сынға салатын үлкен сынақ. Мемлекет бағаны тұрақтандырып, халықты қолдаса, бизнес адал бәсекені сақтап, халық өз қаржысын сауатты басқаруға үйренуі тиіс.
Инфляцияны жеңудің жалғыз жолы – бірлік пен жауапкершілік. Егер әр тарап өз міндетін адал атқарса, қымбатшылықтың қысымы азайып, халықтың қалтасы қорғалады.
С.МАДИЯРОВА