Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОРТАҚШЫЛДАН ШЫҚҚАН ҒАЛЫМ

ОРТАҚШЫЛДАН ШЫҚҚАН ҒАЛЫМ

Егемендік алғаннан кейін бірқатар басшылық жұмыстың аты өзгере бастады. Халық қалаулыларының жұмысын ұйымдастырып отыратын аудан әкімінің кеңес жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне келгеніме бір жылдай уақыт болған. Өзгерістерге толы сол бір кезең, біздің салаға да жаңа міндеттер жүктеп жатты. Жоғарыдан жиіжиі келіп жатқан нұсқаулардың орындалу жолдарыда кейде түсініксіздеу болатын. Осыларды ескере отырып, басқару жүйесіндегі қызметкерлерді заман талабына сай оқыту мақсатында Алматы қаласында он күндік семинар ұйымдастырылды. Орналасқан жеріміз маған етене таныс, партия мектебінің жатақханасы. Таныс болатын себебі осы жатақханада екі жыл жатып жоғарғы партия мектебінде оқығанмын.
Бір-екі күннен кейін осында оқитын жерлесіміз Серік Пірназаровты іздеп бардым. Мені ылғи да нағашы дейтін Серікпен ауылда жүрген кезден сыйластығымыз бар-тын. Ауылды сағынып жүрген Серікпен айызымыз қанғанша әңгімелесіп жүрдік. Бірде маған сізді Шиелінің бір жігітімен таныстырайын, өзі болашағынан зор үміт күттіретін ғалым, техника ғылымының кандидаты, ауыл шаруашылығы институтында кафедра меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істейді, оның бер жағында сізге тартқан жері бар, шахмат пен преферансты жақсы ойнайды деп сыртынан таныстырды. Мақтауын келтірген жігітпен шын мәнінде танысқым келді. Екі күннен кейін «Қазақстан» ресторанында кездестік. Қасына келіншегі Нағираны ертіп келді. Нәбидің киген киімі жарасып, көзіндегі көзгілдірігі де өзінде бекзаттықтың бар екендігін байқатты.
Мен, Нәбидің Нағираны ертіп келгеніне іштей разы болдым. Бірінші рет танысқанымызбен дастарханның басында ескі достардай еркін отырдық. Бұл таныстық келе-келе достыққа ұласты. Әртүрлі себеппен Алматыға барғанымда жұмысымның көптігіне қарамай Нәкең өзі күтіп алатын. Ал, Нағираның дастарханы қай кезде де кең жайылатын. Нәби де ауылды сағынып келетін. Оның келуін жұрт асыға күтетін. Ауданның белгілі азаматтары да Нәкең қайтқанша қасында болуға тырысып, қолданқолға тигізбей, қонаққа шақырып отыратын.
1994 жылы Шиелі ауданы мәдениеті мен өнерінің Алматы қаласындағы күндері өтетін болды. Мәдениет министрлігінің берген графигінде төрт жерде концерт, Мұхтар Әуезов атындағы театрда бір спектакль қоюымыз керек екен. Аудан өнерпаздары осы шараға бір айдан аса дайындалды. Басқа ұйымдастыру шаралары маған тапсырылды.
Шиелінің кәсіпкер жігіттері Алматыға қатты дайындықпен барды. Жұмыстың ең қиындарының бірі концерт болатын жерлерге көрермен шақыру болатын. Бұл жұмыспен айналысу Нәбиге тапсырылды. Барлық концерт залында Алматылық жерлестеріміз бен студенттер барынша көп жиналды. Концерт біткеннен кейінде жерлестеріміз үйлеріне асықпай, ауылдан келген бауырларының қасында болғысы келді. Көрерменнің сонша көп келгеніне біздің өнерпаздар да риза болды. Біз де осы жұмыстарды тамаша ұйымдастыра білген Нәкеңе риза болдық.
1995 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдық тойына Қызылорда облысының атынан, Шиелінің сәйгүліктері бәйгеге қатысатын болды. Осы жұмыстарды ұйымдастырумен мен айналыстым. Сол кезде қатты ауырып жүрген едім. Дәрігердің жолға шықпаңыз дегеніне қарамастан, бастаған жұмысымды өзім аяқтағым келіп, бәйге аттарын, оның егелері мен шабандоздарды алып жолға шықтым. Жолда денсаулығым сыр беріп, Меркі ауданы ауруханасының жансақтау бөліміне түсіппін. Ауруханада жеті-сегіз сағат жатқаннан кейін көзімді ашып, тілге келіп дәрігерге, Алматыда Нәби деген інім бар соған хабар беріңіздер деппін. Әл үстінде жатқанда ойыма бірінші Нәбидің түсуі, ол менің ең жақын, арқа сүйер адамдарымның бірі екенін білдіреді. Осы жағдайды естіген Нәкең Алматыда оқып жатқан Шахмарданды ертіп, қасымда үш күн болып, бетім бері қарағаннан кейін Совминнің ауруханасына апарып жатқызды. Ауруханада жатқан бір айда, күнде келіп, жағдайымды біліп тұрды. Айтуға оңай болғанымен бұндай қамқорлық жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол Нәби секілді адамгершілігі азаматтығына сай адамдардың ғана қолынан келетін іс.
Нәкеңнің бір жақсы қасиеті, мейлі ол кім болсын қандай өтініш айтса да, сол адамның өзіне үміт артып келгенін, бір орындаса осы кісі орындар деп сеніп келгенін түсінетін және сол кісінің сенімінің уәдесінен шығу үшін әрекет жасайтын. Осы қасиеті оны әріптестерінің ортасында ғана емес, жалпы оны танитын жандардың ортасында беделді етті. Нәкеңнің қызметі де өсіп, алдымен кафедра меңгерушісі, одан кейін мехфактың көп жыл деканы болып жұмыс істеді. Нәби 2009 жылы «Мал шаруашылығы нысандарын сумен жабдықтау, садыра ағындысын тасымалдау және өңдеу технологияларын жасақтау» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, техника ғылымдарының докторы атағын алды. Мал шаруашылығы нысандарынан шыққан қалдықтарды өңдеп, арзан энергиямен сапалы тыңайтқыш алу және өндіріске енгізу, бұл уақыт талабына сай мәселелерді бірі еді. Осы мәселе бойынша Нәби Европа елдерінің жоғарғы оқу орындарында лекция оқып отырды. Нәби ұзақ жылдар бойы Шиелі ауданы мектеп бітірушілерінің республикадағы таңдаулы бес жоғарғы оқу орындарының бірі, Қазақтың Ұлттық аграрлық университетіне оқуға түскенін қалап, осыған байланысты мектеп бітірушілер арасында үгіт, насихат жұмыстарын жүргізіп отырды. Соның арқасыда қаншама жерлестеріміз осы оқу орнын бітіріп, бүгінде халық шаруашылығының әртүрлі салаларында абыройлы еңбек етуде.
Нәкең еңбек демалысын ауылда өткізгенді жақсы көретін. Өйткені жақсы көретін ағалары, бауырларының бәрі ауылда болатын. Бәрі де Нәкеңді сағынып отыратын. Ол кісілер үшін Нәкең тек қана туысқан емес, әулеттерінен шыққан үлкен ғалым ретінде онымен мақтанып отыратын. Нәкең тек бір әулеттің ғана мақтанышы емес, ол Шиелінің мақтанышы бола білді. Техника ғылымының докторы атағы көрінгенге бұйыра бермейтін дәреже, атақ, ол сонымен қатар үлкен абырой.
Нәкеңнің үлкен қуанышы алда еді. Ол инженерлік академияның академиктігіне ұсынылған болатын. Өкінішке қарай ол қуанышты сәтіне жете алмады. Өйткені ауруханада өзіне жасалған отаны, нәзік жүрегі көтере алмады. Содан бері біраз уақыт өтсе де Нәбидің адамгершілік асыл қасиеттері ұмытылар емес, ол ұмытылмайды да.
Бүгінде Нағира Нәбидің отының басының шырақшысындай болып, балалары мен немересіне, ақыл кеңесін беріп отырған Ана. Нәбидің достарымен, әріптестерімен, ағайын туысқандарымен қатысып, Нәкең салып кеткен сыйластықтың алтын жібін үзбей келеді.

Сұлтанбек ОРАЗЫМБЕТОВ,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
16 қыркүйек 2025 ж. 35 0

Қоғам

ҚАЛТАНЫ ҚАҒАР ҚЫРКҮЙЕК
16 қыркүйек 2025 ж. 37

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9337)

16 қыркүйек 2025 ж.

№69 (9336)

13 қыркүйек 2025 ж.

№68 (9335)

09 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930