Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрғақ уәдемен күн құрғататын уақыт өтті

Құрғақ уәдемен күн құрғататын уақыт өтті


«Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген қалың бұқараның қалауы қабыл болар күн жақын. Мемлекет басшысының ауыл әкімдерін сайлау туралы жаңалығы елді елең еткізгені рас. Ауылдағы ағайын енді өзі қалаған үміткерді сайлайды. Бұлай болуының негізі де бар сияқты, себебі, салт-дәстүріміздің бесігі, халқымыздың жартысына жуығы тіршілік етіп жатқан, желдің өтінде, елдің шетінде ел басқару оңай шаруа емес.
Бүгінде әкімдердің жұмысын мал басының көбеюімен, шөптің мол шабылуымен өлшейтін заман келмеске кетті. Қазір заманның дамып, өзгеруіне байланысты әкімдер мен басшыларға талап та күшейді. Соның ішінде әкімдерге қойылатын басты талап – жаңашылдыққа ұмтылу. Кез-келген жаңа дүниені ауылға алып келіп, сынап қараудан қашпау қажет. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманы.
25 шілде күні ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Ал, Шиелі ауданы бойынша Майлытоғай, Жөлек, Ортақшыл, Жуантөбе ауылдық округіне 18 үміткерден ұсыным түскен. Олардың ішнде 1 үміткердің құжаты талапқа сай келмесе, 5 үміткер өз өтінімдерін кері қайтарып алған. Ол туралы соңына тарқатып жазамыз. Ал, қазір айтпағымыз үміткерлердің сайлауалды бағдарламасы аясында болмақ.

Егер мен әкім болсам...
Бұрындары мектепте «Егер мен әкім болсам…» деген тақырыпта шығарма жазуға берілетін тапсырма естеріңізде ме? Сол кезде ауылымызды қала тұрмақ жұмақ қылатындай қиялға беріліп, барымызды салып жазатынбыз. Міне, сол шығармада ойға алғанын іске асыруды армандап жүргендерге 2021 жылы мүмкіндік туды.
Әкім болу – былғары орындықта отырып, қағазға қолтаңбасын қалдырумен шектелмейді. Ауыл – ел экономикасының жүрегі. Ауыл шаруашылығының негізі. Тәуелсіз 30 жылда Қазақстанның өсіп-өркендеуі тікелей осы ауылдағы тіршілікпен біте қайнасып жатыр. Сондықтан, ауыл әкімдері жаһандану дәуіріне жұтылып кетпейтіндей жаңашылдыққа бейімделе білуі қажет. Бұлай деуімізге газет бетіне жарияланған үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары түрткі. Бірізді, бұрынғы сарындағы, барлығының мәтіні бір-бірінен айнымайтын бағдарламаларды оқығанда кімге дауыс береріңді білмей қаласың дейді халық. Ендігі жерде құрғақ уәдемен күн құрғатып жүрер уақ өтті. Расында, бұл биыл ғана қайталанып жатқан жағдай емес. Бірақ, биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. Олай болса, ауыл әкіміне үмітті кандидаттар неге жаңашылдыққа ұмтылмайды?

Халық қалаған кандидат қатардан неге шықты?
Майлытоғай ауылының тұрғындары сайлау науқанына қатыспаймыз деп бекініп отыр. Себебі, халық қалаған үміткердің үмітін үзген бір түйткіл бар. Айта кетейік аталған ауылға әкім болуға Жандос Қажымұханұлы, Мұрат Әбдірайымұлы, Азамат Ғаниұлы үміткер. Ал, тағы бір үміткер Асқар Тәжиевтің құжаты талапқа сай болмай шыққан.
– Үміткерлер қатарынан бағымды сынап көруге бел байладым. Қаншама кедергілерден өтіп, кандидат атанып та қойған едім. Алайда, маусым айына төленуі тиіс салық декларациясын шілде айына қате тапсырған екенмін. Екі апта құжатымыз зерттелуден өтіп, талапқа сай емес деп табылды – дейді А.Тәжиев.
Бұл жолғы сайлаудың басты ерекшелігі – ашықтық пен әділдік. Таңдау билігі халыққа тиесілі. Ауыл баласының атқа мінгенін қалаған тұрғындардың жан айқайы телеарналардан да жарық көрді. Ал, түйткілдің бар түйіні «үміткердің құжаты талапқа сай болмауында» дейді аудандық сайлау комиссиясы. Экс үміткердің өзі айтып өткендей салық декларациясын төлеген сәтте күнінен қате кеткен.

P/S: Бұл халық таңдауын жасайтын алғашқы сайлау науқаны. Сондықтан, олқылықтар орын алып, қателіктер қара көрсетуі бек мүмкін. Бірақ, жаңа бастаманы баяғы жартасқа телміртпей, ашықтық пен әділдікке басымдық беруді бақылау керек. Сайлау бұрынғы тағайындаудың кейіпін киіп кетпесе деген жанашырлық біздікі.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
23 шілде 2021 ж. 525 0