Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкім болар ма екенсің, халқы сайлайтын...

Әкім болар ма екенсің, халқы сайлайтын...

Президент былтырғы Жолдауында азаматтарды мемлекетті басқару ісіне белсенді қатыстыру мәселесіне кеңінен тоқталды. Онда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру барысында билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қалыптастыру басты мұраттың бірі екендігін айтты. Алайда, толыққанды халық үніне құлақ асатын мемлекетті тек билік органдарының ашықтығы мен елгезектігі арқылы қалыптастыру мүмкін емес екені белгілі. Ол үшін халық та мемлекетті басқару ісіне белсенді атсалысуы тиіс.Бұл орайда, Президент халық белсенділігін арттырудың тиімді тәжірибесін ауыл әкімдерінің қызметке сайлау арқылы келуінен көретінін және бүгінде бұл саяси реформаның келесі кезеңіне көшудің алғышарттары әбден пісіп-жетілгенін айта келіп, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жөніндегі маңызды мәселені ортаға салды. Мемлекет басшысының бұл ұсынысы қоғамда қызу талқыланып, қолдауға ие болды.
Биыл елімізде 2021 жылы өкілеттік мерзімі аяқталатын 800-ге жуық ауыл әкімі сайланатын болады. Жалпы елімізде 6 мыңнан астам елді мекен бар. Ауылдық округ саны – 2300. Оларда шамамен 7 млн адам тұрады. Яғни, бұл сайлау 7 млн қазақстандық өміріне әсер етпек.
Еліміздің даму жолындағы баспалдақтың бірі – ауылдық жерлерді дамыту екені даусыз. Ал, ол үшін білікті де білімді басшыны халық таңдауына салу керек. Алайда, әкім сайлаумен ауылдағы ағайынның жағдайы жақсарып кетеді деу де жансақ пікір. Себебі, бұрын да әкімдерді сайлаудың сынынан өткен болатынбыз. Қорында бюджеті жоқ ауыл әкімі «Қаржы қаралмай жатыр» деп қол қусырып кеткені бар. Ал, бұл жолғы сайлауда сол олқылықтар ескерілсе, ел игілігі үшін атқарылар істің ауқымы арта түсер деп сенім артамыз.
– Ақиқаты, қазақ үшін ауыл, аудан әкімдерін сайлау оңай емес. Оның әртүрлі себебі бар. Құптауға тұрарлық іс болғанымен, «ауыл әкімдерін сайлау 100 пайыз әділ өтеді» дегенге сену қиын. Ал мұның барлығы ру-тайпалық деңгейде жүзеге асып кетсе, не істей аламыз? Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Жергілікті жердегі сайлауда «ауылдасының атын оздырмай, ағайынының тайын оздыртып» жіберетіндер табылып жатса, қалай болмақ? – деп алаңдаушылық білдірді Бала би ауылының тұрғыны Қ.Нұралиев.
Биыл Шиелі ауданы бойынша 5 ауылдық округтің әкімі сайланатын болады. Аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Э.Тұрабаева бұл бестікке Бәйгеқұм, Ортақшыл, Майлытоғай, Жуантөбе, Жөлек ауылдық округтері кіретінін тілге тиек етті. «Әзірге сайлауға байланыс­ты нақты ережелер бекітілмегендіктен Бәйгеқұм мен Ортақшыл әкімін депутаттар сайлайды. Ал, қалғаны уақыт еншісінде, нақты айта алмаймыз» деп жауап қатты маман.
– Жалпы, қазір ауылға жағдай жасалмайды, қаржы бөлінбейді, ауыл құрып бара жатыр деп зарлай беретін кез өтті. Ауылдардың әлеуметтік ахуалын көтеру үшін, жалпы ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін түрлі бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын көзіміз көріп отыр. Ендігі жерде ауыл тұрғындары белсенді әрекет ететін кезең басталды. Сол елге, жерге өздері иелік етіп, кәсібін ашып, еңбек етуі керек. Мұның сыртында, сол ауылдың мүддесін қорғайтын өздері жақсы білетін, халықпен тіл табыса алатын, ауылдың кем-кетігін бүтіндеп, көркейтуді қай жағынан бастау керек екенін білетін іскер азамат, білікті басшыны таңдап, сайлай алады. Халық сайлағаннан кейін әкімнің ауданға немесе басқа басшыларға жалтақтауы кеміп, өз сайлаушыларының алдындағы жауапкершілігі көтеріле түсуі тиіс, – дейді Ақмая ауылының тұрғыны З.Байдуллаева.
Расында, тағайындалатын әкім мен сайланатын әкімнің арасында үлкен айырмашылық бар. Ертең халық сайлаған әкімінен көп нәрсені талап етеді. Сондықтан ауыл әкімі еңбекқор болуы қажет. Халықтың талабын табанды түрде жоғары жаққа өткізе алуы қажет.Міне, осы тұрғыдан қарағанда жергілікті әкімдерді сайлау жергілікті мәселе емес, халықтың тұрмысы мен тағдырына әсер ететін нағыз ұлттық мәселе екенін аңғарамыз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
12 мамыр 2021 ж. 540 0