Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда ең үздік ауыл әкімі анықталады

Қазақстанда ең үздік ауыл әкімі анықталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Ауыл әкімі халықпен тікелей өзара іс-қимылда болады және байланысты орната алу қабілеті, тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша дер кезінде шешім қабылдай білуі оның қызметінің басты бағыты болып табылады.
Жергілікті деңгейде әкім мемлекеттік саясатты жүргізуші және оның іс-әрекеті бойынша халық арасында жалпы мемлекеттік басқарудың тиімділігіне қатысты көзқарасы қалыптасады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге үлес қосқан, жұмыста жоғары практикалық нәтижелерге жеткен үздік ауыл әкімдерді анықтауға және көтермелеуге бағытталған «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсын жариялайды.
Байқау 25 мамырда басталып, екі негізгі кезеңде өтеді:
- I кезең-өңірлік деңгей (облыстық деңгей);
- II кезең-республикалық деңгей.
Байқау нәтижелері 2020 жылдың қыркүйек айында белгілі болады.
Конкурс өткізу барысында халықтың пікірі ескеріледі. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап облыс әкімдіктерінің ресми сайттарында жергілікті әкімнің тиімді жұмыс істеуіне халықтың қанағаттануын бағалау үшін сауалнама орналастырылатын болады. Сауалнамаға азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек және қолдау көрсету, халықты жұмыспен қамту мен жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимыл және т. б. сияқты бірқатар бағалау критерийі кіреді.
Сонымен қатар, әрбір өңірдің Әдеп жөніндегі уәкілдері үміткерлердің мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы мәселелері бойынша анонимдік сауалнама жүргізетін болады.
Сауалнама нәтижелері конкурстық комиссияның әрбір ауыл әкімін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Конкурс өткізу ережесі туралы толық ақпарат Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің www.gov.kz сайтында және облыс әкімдіктерінің ресми сайтында орналастырылған.

ҚР МҚІА баспасөз қызметі
25 мамыр 2020 ж. 523 0