Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дербес бюджет дем бере ме?

Дербес бюджет дем бере ме?

Елбасы бекіткен бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-ші қадамы ауылдық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуге арналғаны белгілі.

Биылғы жылдан бастап өңірдегі барлық ауылдардың дербес бюджеті қалыптасты. Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы ауданда халқының саны 2000 адамнан асатын ауылдық округтер өз қазынасын қалыптастырып, жиналған қаржысын қажеттілікке жаратуға мүмкіндік алды. Енді биылдан бастап барлық 22 елді мекен дербес бюджетпен жұмыс істейді.

Әкімдерге сергектік қажет
Жеке-дара бюджет берілген соң ауыл әкімдерінің жүктемесі де артары анық. Мәселен, дербес бюджетке көшкеннен кейін ауылдық әкімдіктер 100-ден аса функция атқарады екен. Әрине, бұл қосымша кадрды қажет етуі мүмкін. Дегенмен барлық ғимараттың іші-сыртын бейнебақылау арқылы күндіз-түні бақылап отыратын қазіргідей уақытта қарауыл штатының керегі де шамалы. Оның орнына қажетті мамандарды толықтыруға болады. Айтайын дегеніміз бұл емес...
Бүгінгі таңда ауылға инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ең басты дүниеге айналып отыр. Осы арқылы халықтың әлеуетін арттырып, тұрмысын жақсартуға болады. Өзін-өзі басқаруға көшкен ауыл басшыларының да жұмыс жоспары осыдан басталуы қажет.
Жалпы дербес бюджетті ауыл әкімі халықпен, ауыл ақсақалдарымен кеңесе отырып бекітеді. Негізінен тұрғындар салығынан құралатын қаржыны ауылды абаттандыруға, көгалдандыруға, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу істерін жүзеге асыруға, көпшілік мәдени тынығу жұмыстарын жүргізуге, автомобиль жолдарын реконструкциялауға және жөндеуге, елді мекендердегі көшелерді жарықтандыруға жұмсай алады.
– Әрбір әкім қазіргі өзгерістерге тереңінен үңілуі қажет. Сеніп тапсырылған аумақтың ахуалын жақсартуда аянбауы тиіс. Төртінші деңгейлі бюджет барынша халыққа жақындатылған. Тұрғындардың сенімін арттырудың бір қадамы іспеттес. Ауыл қауымдастығымен ақылдасып, ең қажетті тұстарды анықтап, әрекет жасау қажет. Жастарды тартып, кәсіп ашуға көмек жасалуы тиіс. Бар жұмысты ауылдың ахуалын арттыруға бағыттау маңызды. Сонымен қатар, 2021-2025 жылдарға арналған аумақтық дамыту бағдарламасы бойынша жоспарлы жұмыстарды әзірлеу керек, – дейді аудан әкімінің орынбасары ­Болатбек Ысмағұлов.

Тұрғындар қарап қалмасын...
Жоғарыда айтқанымыздай, маңызды сұрақтарды шешуде тұрғындар да белсенді атсалысуы керек. Жергілікті билік те қандай жағдай болмасын халықтың пікірін тыңдап, ескере білуі маңызды. Әйтпесе, ауыл әкімдерінің биылғы есеп беру жиынында кей ауылдарда билік пен халықтың арасында байланыс үзілгенін байқадық. Тіпті ақсақалдардың «Әкімге айтқанымен бәрібір құлақ аспайды» деген сөздерін де құлағымыз шалды. Әрине, барлық ауылда бірдей емес. Мәселен, Қоғалы халқы есепті кездесуде «Біз әкімімізді ешқайда жібермейміз» деп, бірауыздан басшыға көңілі толатындарын жеткізіп, сүйсінткен болатын.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі халыққа арнаған алғашқы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән берді. Сол себепті де ауыл басшыларының басты қағидасы – әр тұрғынның өтініш-тілегіне құрметпен қарап, елеусіз қалдырмау. Сол кезде халықтың билікке деген сенімі арта түседі. Тек ол ғана емес, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін дұрыс және тиімді пайдалану үшін әкімдердің білімі жоғары деңгейде болуы тиіс.
Демек әр әкімшілік аумақтық бірліктің өз қазынасы болады. Әкімдердің қазірден-ақ кіріс пен шығыс мөлшері есептеліп, жоспарлары сақадай сай тұр. Ал оның қаншалықты жүзеге асып, бюджетін тиімді үлестіре алғанын бұйырса, келер жылғы есепті кездесуде білетін боламыз.

Р/S. Әрбір ауыл әкіміне еліміздегі мемлекеттік бағдарламаларды жете түсініп, барлық тетігін пайдаланып қалуға мән беру керек. Сонда ауылдардың ажары арта түседі.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

15 ақпан 2020 ж. 1 093 0