Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңге «алтынға» ауыса ма?

Теңге «алтынға» ауыса ма?

Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желілерде теңге құнсызданып, Ұлттық валюта «алтынға» ауысады деген қауесет тарап кетті. Аудио хабарламада айтылған ақпарат қазақстандықтарды кезекті рет доллар сатып алуға үгіттеп, қарызға автокөлік, пәтер алуға кеңес береді. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Бүгінгі қаржы нарығындағы ахуал қандай? Қазынашылық саласында нендей жаңалықтар бар?
Апта басында аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Сәрсенкүл Шарипованың қатысуымен болған брифинг барысында осы және өзге де сұрақтарға жауап алдық.
– Биыл ұлттық валютаға 26 жыл толғалы отыр. Осы уақыт ішінде Қазынашылық саласы еліміздің бюджет жүйесінің бір бөлігі ретінде қалыптасып, даму жолын өткеріп, мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінде маңызды және беделді орынға ие болды.
Қазынашылық органдарының негізгі жұмысына тоқталсақ, қазынашылық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қызмет көрсетеді және олар қаржылық құжаттарын қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын «қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде ұсынады. Жаңа жүйе құжаттарды қабылдау мен өңдеуде мекемелердің функцияларын автоматтандыруға жол ашты, жемқорлық фактілерін болдырмау мүмкіндігін тудырды. Мемлекеттік мекемелерге қашықтықтан қызмет көрсетілетіндіктен уақыт үнемдеу, қағазбастылық пен операциялық және көліктік шығындар азайды. Жұмыстың тиімділігі артты, адами фактордың кесірінен болатын қателер мен кедергілерге жол берілмейді, – дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ С.Шарипова «Валюта ауысады ма?» деген сауалымызға:
– Бұл бос сөз. Валюта бір сәтте өзгере салатын жеңіл дүние емес. Ол үшін үлкен дайындық қажет. Сондықтан елді жалған ақпаратқа еріп, даурықпауға шақырамын. Бәлкім, әлемдік нарықта теңгенің құны төмендеуі мүмкін. Бірақ валюта «алтынға» ауысады дегенге сенбеңіздер, – деп жауап берді.
2013 жылдың шілдесінен бас­тап қазынашылық органдарында жергілікті өзін-өзі басқарудың тетіктері ашылып, оларға қызмет көрсетіле бастады. Ал Елбасының 2015 жылы жариялаған «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 98 қадамында «Ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетін болады. Облыс орталықтарында және республикалық маңыздағы қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істейді» деп аталған жүйенің маңыздылығы одан әрі нақтылана түсті. Бүгінде жергілікті әкімдіктердің өзін-өзі басқару жұмыстары 2 кезең бойынша іске асуда. Алғашқысы халық саны 2000-нан астам елді мекендер өз қаржысын өзі игеруді өткен жылдан бастап кетсе, өзге ауылдық округтер келер жылдан бастап жаңа жүйе бойынша жұмыс істемек. Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік бюджет жыл басынан бері 98-99,7 пайыз шамасында игеріліп келеді.
16 қараша 2019 ж. 2 059 0