Жүйе жетістігі сөз болды
Өткен жұма күні кесте бойынша аудандық қазынашылық басқарма басшысы Сәрсенкүл Шарипова журналистерге арнап брифинг ұйымдастырды. 15 қараша – ұлттық валюта күні. Биыл ұлттық валютаға 25 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қазынашылық саласы еліміздің бюджет жүйесінің бір бөлігі ретінде қалыптасып, даму жолын өткеріп, мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінде маңызды және беделді орынға ие болды.
Брифинг барысында С.Шарипова қазынашылық органының негізгі жұмысына тоқталды. Ол өз сөзінде қазыншылық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен олардың қаржылық құжаттарын қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде ұсынатынын, жаңа жүйе құжаттарды қабылдау мен өңдеуде мекемелердің функцияларын автоматтандыруға жол ашатынын тілге тиек етті.
Аудандық қазынашылық басқармасы бүгінде 54 мемлекеттік мекемеге, 3 квазимемлекеттік сектор субъектісіне қызмет көрсетіп келеді. Ақша қаражаты өз мақсатына жұмсалып, талапқа сай, өңделуде. Бюджет жыл басынан 98-99,7 пайыз игерілуде. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму аясында қазынашылық ақпарат жүйесі салықтарды және басқа да төлемдерді аудару, бюджеттік шығындарды жүргізу, қаржы ресурстарындағы жергілікті атқару органдары мен мемлекеттік бюджеттің атқарылуындағы тиімділікке бағытталған.
«Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98 қадамын іске асыру шеңберінде ЖӨБ-тің IV деңгейлі бюджетін енгізу 2-кезеңмен іске асырылуда. Бірінші кезең аудан бойынша 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан асатын елді мекендер Шиелі кенті және 13 ауылдық округте IV деңгейлі бюджет енгізілді. Ал, екінші кезең-2020 жылдан бастап халық саны 2000 адамға жетпейтін қалған елді-мекендер енгізіледі», – деді Сәрсенкүл Шарипова өз баяндамасында.
А.НАЗАРОВА.