Көлеңкелі көрініс немесе пайдакүнемдік
Сыбайлас жемқорлық халықты қанаудың көлеңкелі көрінісі бола отырып, адамзат қоғамының даму кезеңдерінен қалыспай келеді. Лауазымды адамдардың қызметті өзінің бас пайдасының қамы үшін пайдаланудан туған қылмыс – нағыз осы сыбайластық. Ол барлық уақытта да сынға ұшырап, айыпталып, онымен үнемі күрес жүргізіліп келеді. Сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу барлық партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларынан орын алды, əлі де орын алып келеді. Солай бола тұрса да, бұл індет қоғамға сыналап еніп кеткен.
Көптеген елдердің тəжірибесі осы кеселмен күрес процесінде адамдардың пайдакүнемдік, қанағатсыздық, көре алмаушылық, арызқойлық сияқты əрекеттермен жиі ұшырасатындығын байқатып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесіне айналды. Сондықтан да, Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаттың негізі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып отыр.
Осы тұрғыда «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Қырмызы» бастауыш партия ұйымының, партиялық тобында партияның 2015–2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы мен «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» партиялық жобасы аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту» атты дөңгелек үстел өткізілді. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі аудандық қоғамдық кеңес мүшесі О.Назымханов, Қызылорда облысы бойынша қазынашылық департаментінің аудандық қазынашылық басқармасының басшысы С.Шарипова және мекеме қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында П.Шаймерденқызы мемлекеттiк қызметтегі адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, артықшылықтар алуы сыбайлас жемқорлыққа апаратынын, оның қоғамға жат қылық екенін атап өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында, сондай-ақ, өзге заңдарда көзделген, белгiленген тәртiптiк, әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соқтыратын сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшiн жағдай туғызатын әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар болып табылатынын кеңінен түсіндірді.
Дина ЖҮСІПОВА.