Жемқорлықпен күресу жалпыға ортақ міндет
Өткен жұмада «Нұр Отан»партиясы Шиелі аудандық филиалы ғимаратында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ парызымыз» тақырыбында аудан тұрғындарымен кездесу өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жылдар бойы жүргізіліп келеді және ол ешқашан да бәсеңдемейді. Жемқорлықтың алдын алу мақсатымен көптеген іс-шаралар қолға алынып, атаулы жұмыстар жасалуда. Ол атқарылған шаруалардың да өзіндік нәтижелері жоқ емес, біраз істің беті ашылып, жолы да кесіліп жатыр. Дегенмен, жең ұшымен жалғасқан бұл қылмысты түп-тамырымен жойып жіберу, өкінішке қарай, мүмкін болмай тұрған үлкен мәселе.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Н.Жакудаев, облыстық ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға уәкілі Қ.Сарбайсалов және Шиелі аудандық прокуратурасының аға прокуроры Е.Килибаев кездесу барысында аудан халқын бірлесе отырып жемқорлықпен күресуге шақырды. Ал, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры, заң ғылымдарының магистрі, халықаралық құқық қорғау орталығының кәсіби медиаторы Ж.Тұсмағамбетов, орынбасары Ж.Алтынбасова тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылыққа, қылмыстық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік сезімін қалыптастыру мақсатында баяндама жасады. Кездесу соңында аудан тұрғындары көкейдегі сауалдарын қойып, мамандардың кеңесіне қанықты.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.