Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел экономикасын тұралататын індет

Ел экономикасын тұралататын індет

Елбасы құқық қорғау органдары қызметін реформалау туралы сөзінде жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың әлі де тыйылмай келе жатқанын және онымен күрес жолдарын тиісінше атап көрсетті. Осыған орай, еліміздің құқықтық органдар саласы өз жұмыстарын ширата түсіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын белгілеуде.
Жалпы, Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ сыбайлас жем­қорлық­пен күрес жіті қолға алынған болатын. Соған қарамастан, бұл індет қоғам өмірінде анда-санда болса да бой көрсетіп қалып жүргені рас. «Көз қысты, бармақ бас­ты» дегендей, орайы келгенде қызмет бабын пайдалану арқылы пара беру немесе пара алу сияқты келеңсіздіктер орын алып қалуда.
Сыбайлас жемқорлық ел эконо­микасының көтерілуіне үлкен кедергі кел­тіріп отырған қоғамымыздың ең бас­ты қауіп-қатерлерінің бірі. Сондықтан да, оны болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Жемқорлықпен күрес барысы күн сайын қарқын алып келеді дегенімізбен, жегі құртқа айналған осы бір қатерлі дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің қатары да уақыт өткен сайын көбейе түсуде.
1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік орган басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туын­дайтын қауіп-қатерден, еліміздің ұлт­тық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзу­шылық­тың алдын алуға бағытталған. Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тосқауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделерді жауапқа тарту бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі. Осындай келеңсіз құбылыстарымен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы. Мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтындардың өзгенің тағдырына, жұмысына деген немқұрайлылығы, тоңмойын шенеуніктердің тойымсыздығы, қарапайым анықтама алуы үшін шегі мен шеті жоқ кезек азаматтарды пара беруге итермелейтін еді. Оған қарсы тұратындай халықта сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауат жетіспейді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламасын бекітті, осы Жарлыққа сәйкес респуб­лика үкіметіне бағдарламаны жүзеге асыру шараларының жоспары бір айда берілген болатын. Бұл бағдарламаның бас­ты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа белсене қарсы тұру арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйесін одан әрі жетілдіру. Аталған бағдарламада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдардың жауапкершілігін ұлғайтуға да, биліктің барлық тармақтары мен азаматтық қоғам институттарының бұл мәселені шешудегі әлеуметтік әріптестігіне де баса мән беріліп отыр.
Бүгінгі таңда, мемлекеттің ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ең басты назары экономикалық даму процестерінің басқарылуына, ұйымдық-құрылымдық буындардың тиімді жолдарына, ішкі өзін-өзі бақылау жүйесін құруға және қылмыстылықты тазартуға аударылуы тиіс. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыты – оның алдын алу, яғни оның себептері мен шарттарына ықпал жасау болуы керектігін ескерген жөн деп есептеймін.
2018 жылдың 26 қаңтарында өткен «Болашаққа бағдарланған Шиелі» атты Шиелі ауданы әкімінің халыққа есеп беру кездесуі кезінде сөз сөйлеген аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың «Әрбір мемлекеттік қызметші алдына келген адамның қолына емес, көзіне қарап қызмет жасауы керек» деген ойы түсіне білген адамға өз әсерін қалдырады деп санаймын.
Сондықтан, ХХІ ғасырдың өзекті бір мәселесі болып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ел болып бірге күресейік, ағайын!

М.Күздеубаев,
аудандық соттың
төрағасы.
24 ақпан 2018 ж. 1 021 0