Кәсіпкерлікте өсім бар

Сонымен қаңтар айының орта шебінде Н.Бекежанов ауылынан басталған аудан және ауыл әкімдерінің есеп беру жиындары жұма күні арғы беттегі Қарғалы ауылдық округі мен Шиелі кентінде жалғасты. Аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан әкімі мен аудандық барлық сала басшылары, ардагерлер мен кент тұрғындары қатысты. Қос әкімнің есепті жиыны әдеттегіден бөлек өрбіді. Бөлек болатыны алдымен аудандық билер кеңесінің төрағасы Тұрмат Баймағанбетов пен аудандық сот төрағасы Марат Күздеубаев өңірде атқарған жұмыстарына есеп берді. 2019 жылдың мамыр айында құрылған медиаторлық орталық 7 айдың ішінде сотқа дейінгі 6 қылмыстық істі өзара келісімге келтіру арқылы шешкен. Ал жыл көлемінде аудандық сотта 1200-дің үстінде азаматтық іс тіркелген. Жалпы сот төрағасының сөзіне сүйенсек, ауданда былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыс саны 10 пайызға азайған. Осыдан кейін сахна төріне кент әкімі Ғ.Аманжолов көтерілді.

Кент әкімі кәсіпкерліктен кейін кенттің санитарлық тазалық жұмыстарына ерекше тоқталды. Жалпы кенттің тазалығы көңіл көншітпейді. Оны Ғ.Аманжоловтың өзі айтып өтті. Дейтұрғанмен, жасап жатқан жұмыстары да жоқ емес екен. Мәселен, былтыр кенттің санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізетін мекемелер арасынан «Сазқұм» селолық тұтыну кооперативі мекемесі үздік шығып, кент тазалығын өз мойнына алған. Нәтижесінде егесіз қоқыс үйінділері мен көпқабатты тұрғын үйлер айналасын тазарту, тұрмыстық қатты қалдықтар салынған қапшықтарды арнайы орынға тасымалдау, көшелерге су себу және көше бойындағы темір қоралар мен бордюрлерді жуу жұмыстарын жүргізген. Кент әкімі бұдан өзге орталықтағы көркейту-көгалдандыру, салық жинау, азаматтарды әскери қызметке шақыру жұмыстарына да жан-жақты тоқталып, баяндады. Мәселен, өткен жылы Тәуелсіздік, Ш.Құдайбердіұлы көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы, Т.Жүргенов көшесінің тұйығына балалар ойын алаңы салынған. Ал тұрмыстық қатты қалдықтар жинайтын контейнерлер сатып алу, кент көшелері автомобиль жолдарын орташа жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарымен М.Мәметова, Б.Оразов, Ә.Алтынбеков, Тәттімбет, М.Әуезов, Т.Ізтілеуов, С.Сейфуллин, Ш.Бәкіров, Т.Тоқтаров көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жиында тұрғындар тарапынан сауалдар да аз болмады. Соның бірі кентті теріскеймен жалғап жатқан әл-Фараби көшесінің бойында жаяу жүргіншілер жолының жоқтығы тұрғындардың жол бойымен жүріп тұруына қиындық туғызып жатқаны айтылды. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі алдағы жылы жолын тауып, әл-Фараби көшесіне тротуар салып беруге сөз берді. Бұдан басқа орталық тұрғындары әлектр жарығының әлсіз екенін, жел тұрса жарық өшіп, электр қуатынсыз қалатындарын айтты. Аталған түйіткілге қатысты өңір басшысы осы жылы орталыққа 18 жаңа трансформатор алып жатқандарын айтып, келешекте жарық жайы шешілетінін айтып, сүйінші сұрады. Кездесуде атаулы әлеуметтік көмек, тазалық, түнгі жарық пен көшелерге жасалатын жөндеу жұмыстары хақында да сауалдар жолданып, тұшымды жауап берілді.
Сонымен он бес күнге созылған аудан, ауыл әкімдерінің есепті кездесулерінің қорытындысы бүгін кент орталығындағы «Салтанат сарайында» өтеді. Онда аудан әкімі Әшім Оразбекұлы аудан тұрғындарына өткен жылы атқарылған жұмыстары бойынша есебі берілмек. Аудан басшысы нүктесін қоятын есеп беру шарасы жайлы ақпаратты оқығыңыз келсе, «Өскен өңірдің» келесі санын күтіңіз.
Елдос Жүсіп