Өркендеудің өзегі – сындарлы диалог
Таяуда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жариялаған болатын. Тарихи құжатта заманауи тиімді мемлекет, қоғамдық келісімді нығайту, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін талдап, халық пен Үкімет арасында еркін диалогтың орнығуына жол ашты. Жолдауда көрсетілген бағыттар бойынша атқарылатын жұмыстардың ауқымын айқындау мақсатында жұма күні аудан әкімдігінде идеологиялық актив отырысы өтті.
Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа үндеуінің негізгі міндеттерін түсіндіруге бағытталған идеологиялық актив отырысын аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жүргізді. Алғашқы болып баяндама жасаған аудан әкімі алдағы уақытта барлық мектеп қабырғалары мен балабақшаларға бейнебақылау орнатылатынын айтты. Білім сапасы мен оқулықтағы олқылықтарға көңіл бөлген мемлекет басшысы мұғалімдердің жалақысы өсетіндігін де жеткізген еді. Өйткені білім – барлық саланың бастауы. Отырыста өңірдің өркендеп даму жолында аянбай еңбек ету керектігін баяндаған аудан басшысы «Күміскеткен» су қоймасынына баса мән беріп, суармалы жерлерді ұлғайту мәселесін көтерді. Сондай-ақ алдағы жылдары ауданда экспортты 2,5 есе арттыру қажеттігін тілге тиек етті. Жолдауда айтқандай, Президент ауылды қолдауға қомақты қаражат бөлуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына қосымша 90 млрд қаралатын болады. Бұл – елді мекен мен ауылды дамытуға берілген үлкен мүмкіндік. Әлеуметтік саладағы басты мақсаттың бірі – білім беру сапасын жақсарту. Сонымен қатар мамандар даярлаудың отандық жүйесін қалыптастырып, оның нақты еңбек нарығымен байланысын күшейту болып табылады. Осы жолда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының маңызы артып, ауылдық жерлердегі маманның тапшылығы жойылмақ. Мұның бәрі ең алдымен ел болашағы үшін атқарылып жатқан игі бастамалар екені даусыз. Ал Жолдау – осы бастамалардың негізгі кілті, қозғаушы күші.
– Бүгінгі таңда көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек берілуде. Тұрмысы төмен халықтың нәпақасын айырып, күнкөріс деңгейін көтеруге жасалған керемет мүмкіндік деуге болады. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті игі іске жаратып, кәсібін ашқан адамдар да бар. Бұл қуантарлық дүние. Алайда, әлеуметтік көмектің әлегімен ажырасқандар қаншама? Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы көпбалалы аналардың ажырасуы жиілеп, көрсеткішті де көтеріп жіберді, – деді аудан әкімі баяндама барысында. Сонымен қатар сәби өлімі де 12 пайызға өскен. Актив отырысында Ә.Оразбекұлы осы мәселелерді ескеріп, тиісті сала қызметкерлеріне тапсырмалар жүктеді.
Идеологиялық актив отырысында сөз алған аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы Н.Пірімбет халық пен билік арасындағы байланысты әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары бекіте түсетінін баяндады. Яғни әлеуметтік желілер мен блогерлерден шошудың қажеті жоқ. Керісінше әр аудан, ауыл әкімдері немесе сала басшылары атқарған жұмыстарын арнайы парақшаларына салып, жұмыс барысын халыққа кеңінен түсіндіріп отырса, теріс түсініктер пайда болмайтындығын жеткізді. Осылайша әлемжелімен арпалысқан басшылардың ісі оп-оңай шешімін таба алады. Әрі халықпен кері байланыс орнап, ақпаратқа қолжетімділік те жеңілдей түспек.
Одан әрі әр саладағы жұмыс барысын саралаған идеологиялық актив отырысында аудандық полиция бөлімінің майоры М.Сопбеков, орталық Оқшы ата мешітінің имамы Б.Ұлжаев, орталықтандырылған кітапхананың бөлім меңгерушісі Ұ.Нұрмағанбет, Сұлутөбе ауылдық округінің әйелдер төрайымы Б.Мұқанова баяндама жасады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ