Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдаудың мәні – халықтың қамы

Жолдаудың мәні – халықтың қамы

Әлемнің дамыған озық отыздығына ену үшін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өнеркәсіптік революция дәуіріне технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы жаңа мүмкіндіктер мен қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басатынымызды жеткізген болатын. Яғни, жаңа технологияның қауқарымен жұмыс істеу үрдісіміз бен азаматтық құқықтарымыз, тіпті бала тәрбиесі де түбегейлі өзгеруде. Жолдауда көрсетілген 10 мүмкіндік жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу жолындағы баспалдақтар болмақ.
Актив жиыны барысында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аудандағы өнеркәсіп өнімінің 66 пайызын уран өндірісі құрайтынын тілге тиек етті. Алайда, уран өнімін өндіру соңғы жылдары бағаның түсуіне байланысты 15-20 пайызға төмендеп, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемін кері тартып тұр. Сондықтан, осы өндіріс көлемін арттыру мақсатында орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту басты мақсаттардың біріне айналып отыр. Сондай-ақ, индустриялық аймаққа жаңа жобаларды орналастырып, биылғы жылы кемінде бір жоба іске қосылуын тапсырған аудан әкімі алдағы уақытта инвестор «Байқоңыр Солар» серіктестігі Сұлутөбе мен Бірқазан елді мекендерінің аралығында қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясының құрылысын салу жоспарда бар екенін жеткізді.
Ал, «ақылды технологиялар» агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту бағыты бойынша 197 майда шаруа қожалық пен 252 дара кәсіпкердің бірігуімен 28 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыстар жасалуда. Мемлекет қолдауымен «Шиелі төрт түлігі» кооперативі ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 61 млн. теңге, «Ырыс» бағдарламасы аясында аудандағы 4 ауылшаруашылығы кооперативі 399 млн. теңге несие алып, несібесін арттыруда. Әлі де ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау және өнімді екі есеге дейін арттыру мәселесі маңыздылығын жойған жоқ. Сонымен қатар, Елбасы «Тұрғын үй – жәй төрт қабырға мен басыңдағы баспанаң ғана емес. Бұл адамның өмір сүретін аумағы, өз балаларын өсіретін құтты шаңырағы» – деген болатын. Алайда, ауданда баспана жайы әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Бүгінде 670 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жиын барысында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы осы мәселенің жәй-жапсарын айтып, қазіргі таңда жобалық құны 825 млн. теңгенің 18 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құжаттары республикалық бюджеттен қаржы алуға жолданғандығын хабарлады.
Актив жиынында «Аудандағы агроөнер­кәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасаған аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы М.Мақаш: «Елбасы Жолдауы аясында бөлімде мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және ауыл шаруашылығы техникаларын тіркеу, «дипломмен ауылға» жобалары барлығы электронды үкімет арқылы жұмыс жасауда. Бұның өзі ауылшаруашылығы саласы бойынша бірқатар қызметтерді цифрландыру жүйесіне көшірілгендігінің белгісі» – деп, ауылшаруашылығында да алға ілгерілеушілік барын жеткізді. Одан әрі «Білім берудің жаңа сапасы – жаңғыру негізі» тақырыбында аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов, «Дені сау ұлт – адами капитал бастауы» тақырыбында амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері Я.Шорабаев айтып өтті. Ал, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы – заман талабы» атты баяндаманы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Шиелі аудандық бөлімінің басшысы А.Мұратбекұлы Жолдауда көрсетілген басым бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар легі мен алға қойылған мақсаттарды сараптады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
03 ақпан 2018 ж. 1 323 0