Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНДАҒЫ АУДАН

ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНДАҒЫ АУДАН


Дамудың дара жолындағы Қазақстан таңдаған бағыт барынша жүйелі әрі нық Төртінші өнеркәсіптік революцияға еніп, өркендеудің жаңа өрісін айқындап алған елміз. Елбасының биылғы дәстүрлі Жолдауында өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері ұсынылғаны белгілі.
Кәсіпкерлігі кең қанат жайып, өнеркәсібі өркендеген Шиелі өңірінде біршама кәсіпорындардың іргесі қалануда. Елбасы тарапынан жарияланған әрбір тарихи құжатпен болашағына бағдар жасап алатұғын ауданымыздан ел дамуының көріністерін байқайсың. Кейінгі жылдары өңдеу өнеркәсібі өндірген өнімдердің көлемі артып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері артып, тиісінше жұмыссыз адамдар саны азаюда.
Өнеркәсіп өнімінің көлемін көтеру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен 3 жоба жүзеге асырылуда. Олардың алғашқысы және ауқымдысы «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-нің жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын томпанажды цемент шығару зауыты. Зауыт іске қосылғанда 1 млн. тонна цемент шығарып, 260 жаңа жұмыс орны ашылады.
Екінші жоба – «Фирма Балауса» ЖШС-нің «Бала Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. Тиісті кезеңде өндіріс орнында 150 адам жұмыс жасауда. Кен орнында «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес 2018 жылға 4,5 млрд. теңгеге қаржыландырып, тағы 50 адамды жұмыспен қамту көзделуде.
Үшіншісі – 2017 жылы өңірлік картаға енгізілген «Тан ЛТД» ЖШС-нің жобалық құны 397 млн. теңгені құрайтын «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасы. Қуаттылығы жылына 9 мың тонна күріш ақтау және 3 мың тонна құрама жем шығару. Жоба толықтай іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
2017 жыл Шиелі ауданы үшін табысты кезең болды. Өткен жылы «KazChinNur»ЖШС-нің жобалық құны 150 млн. теңгенің шағылтас және құрылыс бұйымдарын өндіру зауыты іске қосылып, 30 адам жұмыспен қамтылған болатын. Сонымен қоса, «Шиелі-Жолшы» ЖШС-нің темір-бетон шығару зауыты жұмысын бастады. Ауданда бизнесті қолдау мақсатында Шиелі кентінен индустриялық аймаққа 96 гектар жер бөлінді. Бүгінгі күні индустриялық аймақтан 6 бизнес жобаға 62,5 гектар жер телімі табысталды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «BANAS»ЖШС туризм саласын дамыту бағытында 150 млн. теңге несие алып «Керемет» сауықтыру кешені мен балаларға арналған ойын-сауық кешенін іске қосты. Аталмыш кешенде 17 адам тұрақты жұмыс жасауда. Кәсіп ашам деушілер транзиттік жолдың да тиімділігін көріп келеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойынан сервистік қызмет көрсету орталықтары да артып келеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын жүзеге асырудың бір тетігі көкөніс пен азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу. Бұл ретте де өңірде тиісті жұмыстар жасалуда. Аудан бойынша алма бағын өсіру мақсатында 178 га. жер телімі ұсынылды. 34 гектар жерге 48 мың түп алма көшеттері отырғызылған. 15 гектар алмабақ жеріне 20 млн. теңге инвестициялық субсидия төленді. «Асылхан» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехы мен жеке кәсіпкер С.Ермахановтың «Ару Ана» шұбат цехының жұмыстары жанданды.
Бұл іргелі істердің барлығы Елбасы тапсырмасын орындау аясында жүзеге асып келеді. Ағымдағы жыл облысымыз үшін кәсіпкерлік жылы болмақ. Алда атқарар ауқымды істер легі жетерлік. «Кәсіптің көзін тапқан байлықтың өзін табады» демей ме? Осындай жерлестеріміздің саны биыл да арта түспек. Жұдырық болып жұмыла жұмыс жасай білетін шиеліліктердің шығар шыңы биік.

Бақытжан МӘДЕН.
23 қаңтар 2018 ж. 1 519 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031