Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Индустрияға бет алған өңір

Индустрияға бет алған өңір

Қазіргі уақытта Шиелі ауданы бойынша шағын кәсіпкерліктің 4337 субъектісі тіркелген. Олардың 284-і заңды тұлға болса, 3526-ы жеке кәсіпкер, ал, 527-і шаруа қожалығы болып табылады.Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне ауданымыздан жобалық құны 374 млн. теңгенің 2 жобасы ұсынылып аймақтық үйлестіру кеңесінде мақұлданып, өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізілді. Инвестициялық жобалар бойынша биылғы жылдың 22 наурызында есігін айқара ашқан жеке кәсіпкер Ермаханов Сабырдың бастамасымен 45 млн. теңгенің шұбат өңдеу цехы қолға алынып, іске қосылды. Шұбат өңдеу цехы сапалы қондырғылармен жабдықталған. Аталған жоба Алматы қаласындағы аграрлық университеттің ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасау арқылы жүзеге асуда. Қазірдің өзінде арнайы ыдысқа өңделіп құйылатын шұбатпен бірге құрт және түйе сүтінен иогурт дайындау жұмыстары қолға алынады деп күтілуде. Бұдан бөлек «Асылхан» шаруа қожалығы жобалық құны 69 млн. теңгені құрайтын100 бас мүйізді ірі қараға тауарлы сүт өндіру цехы жобасын қолға алды. Бүгінгі таңда ғимараты тұрғызылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал, «DANAKE» корпорациясы» ЖШС тарапынан ұсынылып отырған жобалық құны 29 млрд. 340,6 млн. теңгенің цемент шығару
зауытына Шиелі кентінің шығыс бөлігінен 46 гектар жер және жұмысшыларына жатақхана салу үшін қосымша 4 гектар жер телімі табыс­талып, зауыттың құрылыс жұмыстарына қызу дайындық жүргізілуде. Зауыт іске қосылған жағдайда жылына 1 млн. тонна цемент өндіріледі деп күтілуде. Сонымен бірге, «Бек-транс строй» ЖШС құны 55 млн. теңгені құрайтын құрылыс материалдарын өндіруге арналған жоба ұсынып отыр. Бұл жоба бойынша жылына 12 мың тонна әк тас, 1 млн. дана полипропилен қапшығы, 180 мың дана шлакоблок шығару жоспарланған.
Көңілге қонымды жұмыстардың қатарына индустриалды аймақта атқарылып жатқан шараларды да қосуға болады. Аталған аймақта орналасқан «Мия Шиелі» ЖШС мия тамырын өңдейтін зауыт салған. Зәулім де әсем ғимарат анадайдан мен мұндалап тұр. Жалпы, бұл серіктестіктің мия өңдеу зауытына 5 гектар жер телімі берілген. Жобалық құны 612 млн. теңгені құрайтын мия зауыты барлық инфрақұрылым тартылған индустриалды аймақта орналасқан. Жылдық қуаттылығы 250-300 тонна шикізат өндіруге қауқарлы
зауытта 50 адам жұмыс жасайды. Зауытта мия тамырын өңдеуге арналған барлық қажетті құрылғылар мен аппараттар орнатылған. Осының өзінен-ақ бұл зауыттың болашағы жарқын екенін аңғаруға болады.
Қазіргі таңда индустриялды аймақтағы жұмыстарды жандандыру мақсатында қосымша тағы да басқа жұмыстар қолға алынған. Мысалы осы мақсатта «Тұлпар-2000» ЖШС жоба­лық құны 354 млн. теңгені құрайтын асфальт зауытының құрылысы үшін 3 гектар жер теліміне қол жеткізсе, дәл осы көлемдегі жер телімі «Шиелі тас» ЖШС силикат кірпіштерін өндіру зауытына бөлінген. Бұл зауыттың жобалық құны 612 млн. теңгені құрап отыр. Берілген жер телімдері тегістеліп, құрылыс жұмыстарына дайындық басталып кетті. Алдағы уақытта индустриялды аймақтан «Шиелі Жолшы» ЖШС темір-бетон бұйымдарын шығару зауытына 5 гектар, «KazChinNur» ЖШС каустикалық сода және көмірқышқыл газын шығару зауытына 4 гектар, «Табиғи тас Қызылорда» ЖШС силикат кірпіш пен әк шығаратын зауытына 20 гектар жер телімін табыстау жоспарлануда.
Осы жерде өңірлік индустрияландыру картасына «Шиелі тас-Оңтүстік» ЖШС жобалық құны 777 млн. теңгені құрайтын әк шығару зауыты енгізілгенін атап өту керек. Бүгінгі күні зауытта 3 ауысым бойынша 30-ға жуық адам жұмыс жасайды. Қаратаудың қойнауынан өндірілетін әкті облыс жұртшылығы тұтынуда.
Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде Шиелі ауданы индустрияға бет бұрған өңір ретінде танылып отыр. Ауданымызды гүлдендіру мақсатындағы атқарылатын шаралардың мұнымен бітпесі анық. Жыл санап өсіп келе жатқан ауданның бюджетінен-ақ өңірдегі ахуалдың жақсарып келе жатқандығын аңғаруға болады. Мұның барлығы шиеліліктердің берекелі бірлігі мен ынтымақты тірлігінің арқасында жүзеге асып отыр.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Суретте «Шиелі тас-Оңтүстік» ЖШС әк зауытындағы жұмыс барысы.
23 қараша 2017 ж. 1 640 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031