АЛДАҒЫ ДАМУДЫҢ АЙРЫҚША ОН МІНДЕТІ
Елбасымыз болашаққа бағдар берген бағдарламалық мақаласы халықтан кең қолдау тауып, рухани жаңғыру жолында жүйелі жұмыстар жасалып келеді. Енді міне, БАҚ беттерінде тағы бір тарихи құжат Президент Жолдауы жарық көрді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» қарастырылған маңызды құжатта негізгі он міндетті шешуге жұмылуымыз керектігін атап өтті. Ел экономикасы еселеп қарқын алып келе жатқанын айта келе әлеуметтік ахуалды жақсарту жолындағы жұмыстар әлі де қарқын ала беретіні көрсетілген кезекті Жолдауда.
«Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді», – деп басталған Елбасы Жолдауында алдағы дамуға нақты қадамдар айқындалады. Бүгіннің өзінде 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 60 қадамын орындаған қазақ елі табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделін қалыптастырды. Бұл жөнінде Елбасы Жолдауында: «Жыл қорытындысы бойынша ІЖӨ өсуі 4 пайыз болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 пайыздан асты», — деп атап өтті.
Ел дамуы жолындағы маңызды құжатта бірінші міндет ретінде «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиістігі» айтылды. Үстіміздегі жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керектігін нақтылай тапсырады. Жасыл технологияны өндіріске кеңінен енгізу, аграрлық ғылымды дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылыс секторына заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын жаңғырту, адами капиталдың жаңғыру негізі, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес, «ақылды қалалар» сынды негізгі он тапсырма аясында жұмыла жұмыс жасап, ел мүддесі үшін білекті түру әрбір қазақстандықтың міндеті.
Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.